5 жасар қызын буындырып өлтірген 36 жастағы Орал қаласының тұрғыны қылмыс жасаған кезде есі дұрыс емес деп танылып, қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Оқиға 2018 жылдың 12-ші желтоқсанында облыс орталығына қарасты "Речник" саяжайында болған. Бүлдіршінді 10 минуттай буындырып өлтірген анасы қызымен бірге сабақ орындап отырады. Кенеттен, бауыр еті баласының еркелігін көтере алмаған келіншек қылмысқа барады. Денсаулығында кінәраты болғандықтан жазадан сытылған. Ермұханованың анасы алғаш рет қызының оғаш қылығын 17 жасында байқағандығын айтады. Ол кезде бойжеткен Ермұханова терезе алдында өз-өзімен сөйлесіп отыратын кездері болған. Соттың қаулысымен Ермұханова қылмыстық кодекстің 99 бабы 2-ші бөлігі 14-ші тармағына сәйкес, көзделген іс-әрекеттерді есі дұрыс емес күйінде жасаған деп танып, жауапкершіліктен босатып, стационарда мәжбүрлі түрде ем-дом қабылдауға үкім кесті.