Облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылында домбыра сыныбы ашылды. Бастаманың мақсаты - тәрбиеленушілерге ұлттық өнерді үйрету арқылы олардың рухани дамуына жол ашу. Ашылу салтанатына қала әкімі мен мәдениет бөлімі өкілдері қатысты.Бұл күні балалар ауылы ерекше көңіл-күйге бөленді. Ұлттық өнерді ұлықтайтын «Домбыра» сыныбы ресми түрде ашылды. Бұл жоба еңбек мамандықтарына арналған жыл аясында қолға алынған. Бастама балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған.
Сыныпты жабдықтауға демеушілер атсалысып, домбыралар мен оқу құралдары толықтай қамтамасыз етілген. Қалалық мәдениет бөлімі екі кәсіби мұғалімді арнайы тағайындап, 10 бала іріктелген. Қазір олар арнайы кесте бойынша домбыра үйренуді бастап кетті.Домбыра сыныбының ашылуымен бірге балалар ұлттық өнердің негіздерін меңгеруге кірісті. Енді олармен тәжірибелі үйірме жетекшілері тұрақты түрде жұмыс жүргізетін болады.Бүгін сондай-ақ балалар ауылының түлектері қала әкімімен бірге «Таза қала» акциясы аясында ағаш отырғызды. Сенбілікке ауыл тәрбиеленушілері де белсенді қатысты. Жаз бойы олар өз қолымен отырғызған жасыл желекке күтім жасамақ.Домбыра сыныбы - балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, ұлттық құндылықты бойға сіңірудің бір жолы. Енді бұл талантты бүлдіршіндер үлкен сахнада өнер көрсетпек.