0:00 / 0:00
Заңсыз балаларды жұмысқа қабылдаған кәсіпкерлер заң алдында жауапқа тартылмақ. Айыппұлдың көлемі 50-ден 200 айлық есептік көрсеткішті құрап отыр. Еңбек инспекциясының мамандары жазғы уақытта кәмелетке толмаған балалардың қандай жұмысқа тартуға болатындығын баяндап берді.
Жазғы демалыс уақытында көптеген жасөспірім мектептегі сабағын ойдағыдай аяқтап, ата-анасына көмектесу үшін жұмысқа тұрып, напақасын тауып жатады. Әсіресе, кәмелетке толмағандарды сауда-саттық саласында көптеп кездестіруге болады. Еліміздегі еңбек заңнамасына сәйкес, 14 жастан бастап еңбекке араласа алады. Алайда, 14 пен 16 жастағы жасөспірімдердің жұмыс уақыты аптасына 24 сағаттан аспауы тиіс. Ал, 16 жастан бастап 18-ге толмаған балалар аптасына 36 сағат еңбектенеді.
Сондай-ақ, еңбек заңнамасында балалардың еңбегі олардың денсаулығына зиян тигізбеуі де айтылған еді. Яғни, кәмелетке толмаған жандардың алкоголь мен темекі өнімдерін саудалайтын жерлер мен құрылыс саласында жұмыстануына болмайды.
Кәмелетке толмаған балалардың заңды өкілдерімен еңбек шартын жасаспаған, олардың өмірі мен денсаулығына қауіпті қызметке жұмылдырған жұмыс беруші заң алдында жауапқа тартылмақ.