0:00 / 0:00
Ресейге Байқоңыр ғарыш айлағын жалға беру уақыты 2050 жылға дейін ұзартылды. Қазақстанға жыл сайын «Байқоңыр» кешенін пайдаланғаны үшін Ресей 115 млн АҚШ доллар төлейді. Кешенді 27 жыл бойы пайдаланып келе жатқан көрші Ресейден республикалық бюджетке шамамен 3,1 млрд АҚШ доллары түсті. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды.
Бұл Кеңес дәуіріндегі алғашқы ғарыш айлағы. Байқоңыр адамзаттың жерден ғарышқа ұшуына жол ашқан алғашқы ғарыш бекеті. Байқоңырды Ресейге жалға беру шешімі 1994 жылы қабылданған болатын. Қазақстанның жерінде тұрған кешен аумағында Ресейдің заңы жүреді. Ал «Байқоңыр» кешенін жалға алғаны үшін жыл сайын Қазақстанның қазынасына 115 млн АҚШ долларын төлейді. Ал Ресей Байқоңыр ғарыш айлағынан жылына 40 млрд доллар пайда көріп отыр. Көрші ел 27 жыл бойы кешенді пайдаланып келе жатыр. Сенаторлар Байқоңырдан зымыран ұшырудың салдарына ғылыми зерттеулер жүргізу керек дейді. Себебі, Ресейдің ұшырып отырған зымыран тасығышынан қазақ жеріне келіп жатқан зиян орасан.
Байқоңырды жалға беру экономикалық тұрғыдан тиімді болғанымен, экологиялық тұрғыдан тиімсіз. Зымыран тасығыштардың бөлінетін бөлшектері құлаған аудандар аумағында және зымыран отыны төгілген аудандарда тұратын халықтың денсаулығын егжей-тегжейлі зерттеу керек дейді сенатор. Ал өңделмеген зымыран отыны ластанған аумақтардың экологиялық жүйесін зерттеу қомақты қаржыны талап етеді.
Сенаттың бүгінгі отырыста көпшіліктің қолдауымен Байқоңыр ғарыш айлағын Ресейдің пайдалануына беру мерзімін 2050 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік беретін келісімді қабылдап жіберді. Бірінші Протон құлағанда жалға беру құнын көтеру немесе Байқоңыр айлағынан шығару туралы пікірлер айтылғанды. Алайда Ресей тарапы кететін болсақ, Қазақстанға ешбір технологияны қалдырмайтныдарын айтқан болатын. Саясаттанушылардың пікірінше, Байқоңырдан ғарышқа ұшу үшін қызығушылық танытып отырған елдер көп. Алайда, бұдан жерімізді ластағаннан басқа ұтарымыз аз. Ғарыш саласына қомақта қаражат керек, тәжірибе, білікті маман қажет. Мұндай мүмкіндіктен Қазақстан құр алақан.