0:00 / 0:00
Үкімет күйіп тұрған азық-түлік бағасын ұстап тұру амалдарын іздеуге кірісті. Бүгін өткен отырысында баға мәселесі басты тақырып болды. Бағаның көтерілуіне себеп болып отырған мәселенің бірі- өнімді сақтайтын қойма тапшы, сондай-ақ ортадағы делдалдардың әрекеті тағы бар. Енді үкімет қайта сатып алушыларды қысқарту мен тамақ өнімдерін сақтау, буып-түю, өткізу және тасымалдау бойынша өндірушілерге қызметтер көрсету мақсатында, көтерме-тарату және тарату орталықтарын салу жоспарын құрып отыр.
Жаздың соңы, жеміс-жидек, көкөніс пісіп, артылып жатыр. Алайда, оның бағасы күйіп тұр. Ет, сүт өнімдері, қант бағасы да қымбаттап кетті. Күнделікті тұтынатын өнімдердің бағасының шарықтауы тұтынушы қалтасын қағуда. Там-тұмдап өскен зейнетақы мен жалақыны инфляция жеп қоюда.
Үкімет енді азық-түлік бағасын ұстап тұру амалдарын іздеп әлек. Мысалы, отандық өндірушілер өнімін төмен бағамен сата алмайды. Себебі, оны сақтау қымбатқа түседі. Өсірген көкөнісін сақтайтын қойма тапшы. Сондықтан, қойма салу мәселесін қолға алмақ.
Дегенмен, министр отандық шаруалардың өнімі қымбатқа сатылып жатса, олардың пайдасы артар еді дейді. Ал тұтынушының қамы не болмақ?
Өз кезегінде сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов көтерме-тарату және тарату орталықтарын салумен қатар бөлшек сауда инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жүргізілетінін айтып сендіреді. Осы мақсатта өңірлерде 30-дан астам ірі сауда объектісі салынып жатыр екен, 50 астам сауда базарлары жаңғыртылмақ. Сондай-ақ, үкіметтегілер қазақстандықтарды азық-түлік бағасын бақылауға шақырады. Бүгінде статистика агенттігінің мәліметтері бар әрине, дегенмен министр Сұлтанов дамыған елдердегідей бағаны мониторингілеуге халық тартуды ұсынды. Яғни, кез-келген азамат тауардың бағасын суретке түсіріп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы көрсетілген ақпаратын арнайы порталға жібере алады. Бұл жүйе арқылы дүкендердегі тауарлардың құнын онлайн режимде бақылауға болады. Тіпті әлеуметтік желі де осы тәжірибе қолданылса болар еді.