0:00 / 0:00
Орал қаласында тәртіп сақшылары 10 жасар қыз баланы жол бойында қағып өткен жүргізушіні қолға түсірді. Жас жігіт оқиға орнынан қашып кетіп, авто көлігін қала сыртына жасырғаны анықталды.
Қазір адам қаққан жүргізуші қолға түскен. Ол өзінің кінәсін мойындап отыр. Көзді ашып-жұмғанша аяқ астынан тіркелген оқиғадан қатты қорыққан жас жігіт лезде ізін жасырып, қалалық тұрмыстық қалдықтар аймағына көлігін апарып тастаған екен. Полиция қызметкерлері кішкентай қызды қаққан көлікті күдіктімен бірге іздеуге шықты. Сұр түсті Лада приора маркілі темір тұлпарды ұзақ іздеуге тура келді. Өйткені жүргізуші бағыт-бағдарды анықтап, таба алмады.
22 жасар жас жүргізуші осы жағдайдан соң достарына хабар берген екен. Өзі Зеленов ауданының Бударин ауылының тумасы. Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккен қыз бала ашық бас сүйек жарақатын алған. Жағдайы бүгінде өте ауыр көрінеді. Соған қарамастан баланы отаға дайындап жатыр.