0:00 / 0:00
Ел ішінде 118 автокөлік ұрланған. Ішкі істер министрлігінің 16-22 тамыз аралығында өткізген «Автокөлік» іс-шарасы барысында осындай мәлімет тіркелді. Ең жиі ұрланатын автокөліктер – Mercedes, Toyota, Мазда, BMV, Volkswagen және Lexus маркасы болып отыр. Криминалдық полиция департаменті басшысының орынбасары Қанат Нұрмағамбетовтің айтуынша, автокөліктерді заңсыз айдап әкету Алматы қаласы, Алматы және Қостанай облыстарында жиі орын алады.
Темір тұлпарыңызға сақ болыңыз! Қанша сақтық құралдарын орнатып, көлігіңіздің қолды болмайтынына сенімді болсаңыз да, ұрылардың айлакерлігі асып тұр. Полиция жеңіл көлік ұрлығы өршіп тұрғанын хабарлайды. Соңғы аптада өткен арнайы шарада, республика бойынша 118 автокөлік қолды болғаны мәлім. Полицейлердің айтуынша, көлік ұрыларының таңдауы Mercedes, Toyota, Мазда, BMV, Volkswagen және Lexus маркасына ауыпты. Дәл осы көлік түрлері жиі ұрланады.
Тәртіп сақшылары , тұлпарыңыз қолды болмас үшін, ұрылардан қалай қорғау керектігін түсіндірді. Ол үшін қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау керек.Көліктің есігін ашық және оталдырулы күйде қалдырмаңыз. Түнде гаражға немесе күзеті бар жерге қойыңыз. Автокөлігіңізді ұрлыққа қарсы электрондық жүйелермен, соның ішінде ұрлыққа қарсы электрондық және механикалық құрылғылармен және GPS маяктарымен жабдықтаған жөн.Ең бастысы көлікті жеке тұлғадан сатып алғанда құжаттарына мұқият болыңыз. Әсіресе Ресейден әкелінетін автокөліктерді сатып алу қауіпті болып отыр.
ҚАНАТ НҰРМАҒАМБЕТОВ – ҚР ІІМ ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ «Ресейде алаяқтар лизингке көлік сатып алады да, лизингтің немесе кредиттің бірінші айдағы төлемін жасайды. Сосын оны Қазақстанға әкеліп, сатып, рәсімдеп жібереді. Кейінгі айларға төлем жасалмаған жағдайда іздеу салынады. Ал ол көлік басқа елде, өзге адамның атында тұрады».