0:00 / 0:00
Бірнеше аптадан бері облыс орталығының тұрғындарына су беру арнайы кесте бойынша жүзеге асқаны аян. Бұл жүйе енді жеке секторларға да қолданылатын болады. Атап айтқанда қаланың Солтүстік-Шығыс ауданы (ескі аэропорт), қаланың ергесіндегі саяжай алқабтары, Зачаганск, Мичурин, Асан ауылдарындағы аз қабатты жеке тұрғын үйлерге су беру шектеліп, кесте бойынша берілетін болады.
Мұндай шектеу шараларына коммуналдық мекеме амалдың жоқтығынан барып отыр. Өйткені қала іргесіндегі елдімекендер атап айтсақ саяжайлар мен Зачаганск кентінің тұрғындары ауыз суды шамадан тыс көп тұтынып, нәтижесінде су тазалау стансасына түскен салмақ екі есеге артқан. Яғни бау-бақша дақылдарын суаруға орталық коммуналдық жүйе қызметін пайдаланудың салдарын көп қабатты үй тұрғындары көріп, 4 және 5-ші қабатқа ауыз су жетпей отыр. Сол себепті енді «Жайықжылуқуат» АҚ-ның бір жылыту қазандағының жұмысын шектеу қойылып, ыссы су температурасы төмендетілмек. Сондай-ақ қазандықты салқындатудан шыққан 200 куб су қосымша «Батыссуарнасына» бағытталып, 1600 м3 су сағатына тазарту қондырғыларына жіберілетін болады. Оған қоса жеке секторлардағы тұрғын үйлерге су беру шектеліп, кесте бойынша берілетін болады. Ауыз су беруді кестеге сәйкес жүргізудің басты себебі жазғы мезгілде ауыз су тұтыну мөлшері өсуіне және қалалық кәріздік желідегі қайта құру жұмыстарына байланысты болып отыр. «Батыссуарнасы» мекемесімен қалаға мамыр айында орташа тәуліктік су беру көлемі 49 500 м3 болса, қазіргі уақытта 55 000 м3 жетіп отыр. Коммуналдық мекеме директоры Қайырғали Имашевтың айтуынша мұның негізгі себебі суды ысырапсыз пайдалнудың салдары. – Оған қоса апатты жағдайдағы Шолохов көшесіндегі айналмалы кәріздік коллекторды ауыстыруға байланысты қаланың солтүстік шығыс аумағы, жаңа шағын аудандар, орталық аумақтағы барлық кәріздік ағындардың 70 проценті Неусыпов көшесіндегі шайынды су коллекторы арқылы өткізілуде. Сәйкесінше осыншама жүктемеге бұл желі шыдамай апатты жағдайға келіп отыр. Сондықтан осындай шектеу шараларын алуға тура келді. Оған қоса су тазалу стансасы жаңғыртуды талап етеді. Бүгінде қосымша су көздерін тарту жұмыстары жүргізілуде. Зачаган халқы үшін жаңа су тазалу стансасын салу жоспары бар. Жобалық құжаттары дайындалу үстінде. Болашақта бұл мәселе тағы да қайталануы мүмкін. Сол себепті қосымша 22 су көзін ашу жоспары бар,– деді «Батыссуарнасы» ЖШС директоры Қ. Имашев. Суды шектеу арқылы берудің негізгі себебі шаһарды тіршілік нәрімен қамтып отырған "Жайық" өзенінің суының азаюы және әрі жерасты ұңғымаларындағы су деңгейі төмендеуі. Сонымен қатар тұрғындардың суды ысырапсыз пайдалануынан. Бұл мәселе коллекторларды жөндеу жұмыстары мен бау- бақша науқаны аяқталар сәтте ғана шешілуі мүмкін.