0:00 / 0:00
Тағайындалып, қазір міндетін атқарып отырған ауыл әкімдері сайлауға түспеуі керек. Ауыл-аймақты аралап, халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысып келген қызылдар партиясы осындай ұсынысты алға тартып отыр.Өздеріңізге мәлім, осы жазда елімізде ауыл әкімдерін сайлау науқаны өтеді. Әкім сайлауына республикалық бюджеттен 4,7 млрд теңге бөлінген. Билік ауыл әкімдігіне мемлекеттік қызметте тәжірибесі бар, жоғарғы білімі бар, басшылық қызметте кем дегенде екі жыл істеген тұлғалар қатыса алады деп отыр.
Ауыл әкімінен үміттілердің жасы 25-ке толуы тиіс. Ең бастысы сотталмаған, сыбайлас жемқорлыққа қатысы болмауы керек дейді Орталық сайлау комиссиясының өкілдері. Қазақстанда 2 300 аса ауыл әкімі бар. Олар жаңа норма енгізілгеннен кейін өкілеттік мерзімдері аяқталған соң тікелей дауыс беру арқылы сайланатын болады. Ал алдағы сайлау науқанында 775 ауыл әкімін сайлаймыз. Бұл орайда саяси партиялар өз пікірлері мен ұсыныстарын алға тартуда. Коммунистер партиясы қазір міндетін атқарып отырған әкімдердің алдағы әкім сайлауына қатысқанын қолдамайды. Ауыл-аймақты аралап келген депутаттар өңірде жайылым жер, ауыз су, халықты жұмыспен қамту, интернет мәселелері шешімін таппай отырғанына көз жеткіздік дейді. Жер қатынастарын реттейтін заң бойынша жайылым жерлерді пайдалану мәселесіне қатысты ауыл әкімдері халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізбеген. Кей өңірлерде су тапшылығы барын, оның сапасыздығын біле отыра немқұрайлық танытып отырған әкімдердің әрекеті анықталды дейді олар.
Әкім сайлауын өткізу Қазақстанда алғашқы рет қолданылғалы отырған тәжірибе. Жоғарғы жақтың тағайындаумен жылы орында отырған әкімдердің бәрі бірдей халық көңілінен шығып жатқан жоқ. Енді халық өзі сайлаған әкімнен есеп талап ете алатын болады. Бұл жаңашылдықты билік ауыл әкімдерінен бастамақшы. Егер ауыл әкімін сайлау науқаны талапқа сай өтсе, аудан, облыс әкімдерін де сайлайтын күн алыс емес дейді депутаттар.
Өздеріңізге мәлім, үкімет ауыл әкімдігінің бюджетін 40 пайызға арттырып, дербес шешім қабылдауға мүмкіндік бермек. Яғни облысқа қарап отырмай, қолда бар қаражатымен жыртығын жамауға жарайтын әкімдер болса, халық бағасын бере жатар. Алайда шалғайдағы ауылды айтпағанда, елордаға тіреліп тұрған ауылдарда әлі күнге дейін су мен жарық беру мәселесі шешімін таппаған.