0:00 / 0:00
Батыс Қазақстан дене шынықтыру және спорт басқармасының алқа отырысы ұйымдастырылды. Шара барысында облыс көлемінде бұқаралық спортты дамыту мен кәсіби спорттың жай-күйі баяндалған еді. Өткен жылы облыс көлемінде кигбоксинг, таэквондо, дойбыдан республикалық чемпионат ұйымдастырылған. Сондай-ақ, Ақжайық өлкесінде бірнеше халықаралық турнирлер де оздырылыпты.
Елбасының тапсырмасына сәйкес қазақстандықтардың отыз пайызы бұқаралық спортпен шұғылдануы тиіс. Біздің өңіріміздің 175 мыңдай тұрғыны спортты жанына серік қылыпты. Алайда, облыста орын тепкен ауылдардағы жағдай сын көтермейді. Себебі, облыс көлемінде жүзге тарта спорт саласының маманы, әдіскерлер тапшы. Тіпті, аталмыш кадр тапшылығы аудандық әкімдіктерде де кездеседі. Осы олқылықтың салдарынан ауыл-аймақта бұқаралық спорт көш ілгері дамымай жатыр.
Алқа отырысында аудан көлемінде спортшыларды кәсіби тұрғыда жаттықтыратын мамандардың жұмысы да сынға ілікті.
Сондай-ақ, жиын барысында аудандардың облыстық кезеңде ұйымдастырылатын спорттық додаларға қатысуы сөз болды. Өткен жылы Бөрлі ауданы облыстық біріншіліктерге қатысу бойынша 80 пайыздық көрсеткішті құрап, көш басында тұрды. Ал, Бөкей Орда ауданы ұйымдастырылған спорттық додаларға ауа -райы мен жолдың қашықтығына байланысты қатыса алмай, тізімнің соңынан бір-ақ шықты.
Спорт саласында атқарылған игі істер көп. Мәселен, өскелең ұрпақты спортқа баулу мақсатында дәстүрлі түрде мектеп лигасының чемпионаттары ұйымдастырылуда. Ал, биылғы жылдың сәуір айында облыс аумағында бірінші рет университет лигасы өз жұмысын бастамақ.