0:00 / 0:00
Бәйтерек ауданына қарасты Зеленное ауылының тұрғындары ауыз суға жарымай отыр. Таза суды аталмыш ауылға тасымалдап жеткізіп тұрады. Әрбір он күн сайын көлікпен тасымалданатын, тұрғындар алтыннан қымбат санайтын таза суды үнемдеп пайдалануға мәжбүр. Қаланың іргесінде орналасқан ауылға баратын жөнді жол жоқ. Қазір ауылдың оқушылары шарбақтарында отырып, сабақ оқуға мәжбүр. Себебі ғаламтордың баяулығынан сабақты үйде отырып, онлайн оқу мүмкін емес.
Бұл-қаланың іргесінде Мичурин ауылдық округіне қарасты -Зеленное ауылы. Облыс орталығының іргесінде орналасқан елдімекеннің тұрғындары әлі күнге ауыз суларын тасымалдап ішеді. 500-ге жуық тұрғынға су көлігі әрбір он күн сайын тіршілік көзін әкеп береді. Тұрғындардың сөзіне сенсек, олар екі айға жуық жөнді таза судың шарапатын көрмеген. 100 литр су ішуден артылмайды. Әлі келгендер қаладан су тасиды. Ал қариялар су тасымалдайтын көлікті тағатсыздана күтеді. Ауыл тұрғындары жуып-шаюға арналған суды Шаған өзенінен алып, қыста қар суын пайдаланады.
Ауыл әкімі Зеленныйлықтарды толғандырған ауыз су мәселесін водовозбен тасымалдап қана жеңілдетіп отырғанын айтады. Атқамінер жиырма күндей тіршілік көзін тасымалдайтын көлік бұзылып қалғанда, өзге мекемелердің көмегіне жүгініп, ауыз суды жеткіздік,- дейді.
Ауылдық ағайынның үйіне таза суды апаратын "Ақ бұлақ" бағдарламасының жобалық- сметалық құжаттары дайындалыпты. Қазіргі таңда мемлекеттік сараптамадан өтпек. Енді округтің әкімі халықты ауыз сумен қамтамасыз ету үшін аудан билігінен қаражат сұрамақ. Ал Мичуринге қарасты ауылдың тұрғындары тақтайдай тас жол салып беруді сұрайды. Тұрғындар күз бен көктемде қалаға қатынау мүмкін емес дейді. Соның кесірінен қариялар мен балалар балшыққа құлап, киімдерін ластап, көліктер батпаққа батып жатады.
Ауылдық округтің әкімі интернеттің мәселесін айтып, құзырлы мекемелерге хат жолдадық. Бірақ жауап жоқ деп қысқа қайырды.
Зеленый ауылының тұрғындары өз қалталарынан ақша шығарып, электр бағаналарын орнатып, сол арқылы үйлеріне жарық тартып отыр. Бірақ жел болса, биік көлік өтсе, жарық кабельдеріміз үзіліп кетеді,- дейді. Тұрғындар бағаналардың қасында ойнайтын балалардың қауіпсіздігіне алаңдаулы.
Қаланың іргесінде орналасқан Зеленный ауылының 500 тұрғыны өмір сүруге қолайлы жағдай жасауын сұрап отыр. Бірінші кезекте ауыл су мәселесін шешіп, жол төсесе дейді. Себебі ауылдық қариялар балшықта ауыз суды тасымалдай алмайды. Ал аталмыш ауылға қоғамдық көлік қатынамайды. Ауыл тұрғындары қалаға қатынау үшін аспалы көпірден өтіп, Мичурин ауылына келіп, автобусқа отырады немесе такси жалдауы керек. Таксидің бағасы қалтаны қағатыны баршаға аян.