0:00 / 0:00
Ауыл жерлердегі дәрігер тапшылығы орын алып отыр. Оны шешу үшін ауылдық жерге жұмысқа келген жас мамандарға берілетін көтерме жәрдемақы 70-тен 100 АЕК-ке дейін яғни 204 мың теңгеден 291 мың теңгеге дейін ұлғайтылады, - дейді денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.Бұл жайында министр ведомствоның бүгін өткен онлайн алқа мәжілісінде айтты. Сондай-ақ ол 2021 жылдың қаңтарынан бастап санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыратын қызметкерлер үшін жалақы өскенін айтты. Медициналық-санитарлық алғашқы көмекті қамтамасыз ету үшін 2025 жылға дейін 487-ден астам медициналық нысан салынбақшы. Сондай-ақ, мұндай мекемелерді 137 ауылдық елді мекенде де ашу жоспарланып отыр.
Пандемия ақ халатты абзал жандарды құрметтеуді, медицинаның ақсап тұрған тұстарын көруді үйретті. Қауіпті індетпен күресте алдыңғы қатарда жүріп, өзіне төнген қауіптен сескенбеген дәрігерлерге материалдық қолдау көрсетуді де енді қолға алды үкімет. Ең басты мәселе медициналық-санитарлық алғашқы көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету қажеттігі туындап отыр. Министр 500-ге жуық медициналық нысан салынады деп отыр.
Алексей Цой – ҚР денсаулық сақтау министрі -«2025 жылға дейін медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін 487-ден астам нысанының құрылысы көзделген. Сондай-ақ, мұндай мекемелерді 137 ауылдық елді мекенде де ашу жоспарланып отыр».
Бүгінде еліміздегі денсаулық сақтау ұйымдарының 58 пайыздан астамының тозығы жеткен. 77 пайызын медициналық техникамен жабдықтандыру керек. Мұндай жағдай 5 өңірде тіркеліп отыр.Бұл тізімде Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары да бар.
Алексей Цой – ҚР денсаулық сақтау министрі «Аталған шараларды жүзеге асыра отырып, науқастар үшін дәрігредің қолжетімділігін қамтамасыз етеміз. Осылайша 2023 жылға дейін тозығы жеткен медициналық ұйым нысандарының көрсеткішін 58 пайыздан 44 пайызға төмендетеміз».
Өкінішке орай, аймақтарда ана өлімі көбейіп отыр. Себебі, ауыл-аймақта босандыратын маман тапшы, ауруханалар медициналық техникамен толық жабдықталмаған, мамандардың біліктілігі жеткіліксіз, шалғай аудандардағы жүкті әйелдер мен балаларға медициналық көмек көрсету логистикасы нашар, оған қоса кадрлар жаппай жеке клиникаларға кетуде. Нәресте өлім-жітімінің көрсеткіші 1 мың тірі туған балаға шаққанда 7,79-ды құрауда. Шалғай елдімекендерде дәрігер тұрмақ, медбике де жоқ. Ауыл халқын қолжетімді медицинамен қамту үшін, жас дәрігерлерді ауылға тарту қажет.
Алексей Цой – ҚР денсаулық сақтау министрі -«Медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен арттыру арқылы 2023 жылға қарай экономикадағы орташа жалақыдан екі есеге арттырамыз. Сондай-ақ, ауылдық жерлерге жұмыс істеуге барған жас мамандарға берілетін көтермелеу жәрдемақы мөлшерін 70 айлық есептік көрсеткіштен 100 АЕК-ке дейін өсіреміз».
Еліміздің бас дәрігері өңірлердегі денсаулық сақтау басқармаларының басшыларынан азаматтардың денсаулығын жақсарту бойынша шара қабылдауды сұрады. Министрлік денсаулық сақтау жүйесін және отандық фармацевтикалық өнеркәсіпті дамытудың ұлттық жобасын ұсынып отыр. Ұлттық жобаларды әзірлеуді биыл 5 наурызға дейін аяқтап, сәуір айында Премьер-министр Кеңсесіне жіберуді жоспарлап отыр. Ал 1 шілдеге дейін Президент ұлттық жобаларды қабылдайды деген жоспар бар.