0:00 / 0:00
Ақжайық ауданы Тайпақ ауылындағы Ыбырай Алтынсарин мектебін кешегі жаңбырдан кейін су басты. Бұл туралы видео алдымен әлеуметтік желіде жарияланып, кейін білім басқармасы мәліметті растады. Өздеріңіз көріп тұрғандай, Ақжайық ауданы Тайпақ ауылындағы Ыбырай Алтынсарин мектебінің толассыз жауын жауғаннан кейінгі көрінісі осы. Төбесінен тамған су ғимараттың ішіндегі дүние-мүлікті бүлдірген. Бұдан ары қарай жиһаздар пайдалануға келе ме, жоқ па ол жағы беймәлім. Облыс аумағында бірнеше күннен бері жауған нөсердің салдарынан залал келген білім беру нысаны күрделі жөндеуді қажет етеді екен. Жалпы сыйымдылығы 614 орындық мектепте 201 оқушы білім нәрімен сусындап жүр. Қазіргі уақытта білім алушылар өзге нысанға көшірілген.Білім басқармасы мен төтенше жағдайлар департаменті облыстағы өзге әлеуметтік нысандарға төніп тұрған қауіп жоқ екенін жеткізді. Ал синоптиктер болса осы апта бойы өңірде жауын-шашынды ауа-райы күтілетінін айтты. Аудандық білім беру бөлімінің таратқан мәліметіне сүйенер болсақ, мектеп ғимараты өткен жылы күрделі жөндеуден өтуі тиіс еді. Мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде «Тасқала Транс Газ» ЖШС жеңімпаз деп танылған болатын. Алайда БҚО Ішкі мемлекеттік аудит департаменті тексеру жүргізіп, соның нәтижесінде екінші тұрған мекеме жеңімпаз болып шықты. Бұған «Тасқала Транс Газ» ЖШС келіспей, сотқа берген. Ақыры сот шешімімен аталған кәсіпорын қайтадан жеңімпаз болып танылды. Әйтсе де жыл соңы болғандықтан қаржыны кері қайтаруға тура келген. «Биыл «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында мектепті күрделі жөндеуге 300 млн теңгеден астам ақша бөлінді. Қосымша қаржы жергілікті бюджеттен қарастырылады.