0:00 / 0:00
Ауыл әкімдіктерінің бюджеті 40 пайызға артады. Бұл жайынды Ұлттық экономика министр Әсет Ерғалиев онлайн брифингте айтты. Өздеріңізге мәлім, алдағы шілде айының соңында елде ауыл әкімдерінің сайлауы өтеді. Сайлау 2021 жылдың тамыз айынан бастап өкілеттігі аяқталатын ауыл әкімдеріне қатысты болып отыр.
Жалпы Қазақстанда әкімдер сайлауын өткізу туралы ұсыныс көп жылдар бойы талқыланып келді. Саясаттанушылар облыс әкімдерін де халық сайлауы керек деген ой айтады. Әзірге мемлекет бұл жаңашылдықты ауыл әкімдерінен бастағанды жөн көрді. Биылғы жылдың жазы ауылдағы әкім сайлауымен есте қалмақ. Осыған дейін тағайындалып келген болса, енді халық ауылдың әлеуетін көтереді деп сенген әкімін өзі сайлайды. Ауылды дамыту, инфрақұрылымын жақсарту, ауыл халқын жұмыспен қамту, сапалы ауыз су, сапалы жол, қолжетімді интернет, ауыл шаруашылығын өрбітуге күш салу не керек жаңадан сайланатын әкімдердің алдында үлкен жауапкершілік тұр. Ал бұл мақсатқа жету үшін қыруар қаражат қажет. Үкімет ауыл әкімдіктерінің бюджетін 40 пайызға арттыруды көздеп отыр.
Әсет Ерғалиев – ҚР ұлттық экономика министрі «Бұл бюджеттің төртінші деңгейі. Сенатпен ауыл әкімдіктеріне салық пен төлемдердің 4 түрін беретін заң жобасы қабылданды. Бұл ауыл әкімдіктерінің кірісін 40 пайызға арттырады. Бұл айтарлықтай сома. Ауыл әкімдеріне дербес шешім қабылдауға мүмкіндік береді»
Ауылдық деңгейдегі әкімдердің сайлауына қатысатын үміткердің жасы 25-ке толуы тиіс. Ең бастысы сотталмаған, мен сыбайлас жемқорлыққа қатысы болмауы керек. Бүгінде Қазақстанда 2 346 ауыл әкімі бар. Олар жаңа норма енгізілгеннен кейін өкілеттік мерзімдері аяқталған соң тікелей дауыс беру арқылы сайланатын болады. Ал осы жылдың соңына дейін аталған санатқа кіретін шамамен 775 әкімді сайлау жоспарланып отыр. Әкім сайлауына республикалық бюджеттен 4,7 млрд теңге бөлінген.