0:00 / 0:00
Соңғы аптада БҚО-да КВИ жұқтыру дерегі 15 % ке азайған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңындағы брифингте облыстың бас санитар дәрігері Мұхамғали Арыспаев мәлімдеді. Індеттің бәсеңсуі облыста енгізілген карантиндік шектеулердің нәтижесі,- дейді сала мамандары. Оның үстіне ауруға қарсы екпе алушылардың саны күрт көбейген. Еліміз бойынша вакцина қабылдауға ниет танытқандар қатары өңірде көп көрінеді. Әсіресе денсаулығына алаңдаған қарапайым халық демалыс күндерінде де емханаларға көптеп жүгінуде. Айта кету керек өңірде ауруы асқынып, еміне дауа болмай, өмірмен қоштасқандар қарасы да азаймай отыр. Оған негізгі себеп - санитарлық талаптарға бой ұрмай, көпшілік көп жиналатын орындарға бару және ауруды асқындыру. Жыл басынан бері 121 адам тажалдан ажал құшқан. Өңірде өткен тәулікте коронавирустық инфекциямен 151 жағдай тіркелген.Облыста бірінші мамырдан бастап 21 орында блокбекет қойылды. Осы өткелдерде полиция қызметкерлерімен карантин режимін бұзудың 383 фактісі анықталыпты. Алдағы мерекелерге орай, шектеулер әлі де жалғасады.