Әуе билеттерінің бағасы күйіп тұр. Билеттің қымбаттығынан әуе қатынасының қызметін пайдаланбайтындар да жоқ емес. Еліміздің орталығынан батысына жету үшін билет кұны 100 мың теңгеге дейін барады. Еуропанын бір қаласынан екінші қаласына ұшып бару әлдеқайда арзан деген пікірлер де бар. Сенатор Алдашевтің айтуынша, елдегі әуе билеттерінің қымбаттығына авиа отынының тапшылығы әсер етуде.
Депутаттың айтуынша, билет құнының 36,5 пайызы авиациялық отынға жұмсалады. Техникалық қызмет көрсету — 14,9%, әуежайға қызмет көрсету — 10,7% және жолаушыларға қызмет көрсету — 6,1%. Сондай-ақ, қымбат ұшақ болса билет те қымбат болады. Жаңа ұшақтардың орташа бағасы 100 млн долларды құрайды. Оған қоса ұшақтың несиесін немесе лизингін өтеуге керек. Ол шығынның бәрі әуе билетіне енеді. Сарапшылардың айтуынша, елдегі авиация саласында монополистер өз үстемдігін жүргізіп отыр. Кейбір қалаларға тек бірнеше компаняиның ғана ұшақтары қатынайды. Ал билет құны шарықтап тұр. Мысалы, SCAT-ң билеті «Эйр Астана» компаниясының билетіне қарағанда әлдеқайда арзан.
Сенатор әуежайларды дамытуға жүйелі көзқарас жоқ. Олардың көпшілігі жергілікті бюджеттерден қаржыландырылады және шығынға ұшырайды. Инфрақұрылым тозған, жабдық ескірген әрі әуежайлардың жартысы шұғыл жөндеуді қажет етеді дейді. Депутат үкіметке отандық мұнай өңдеу зауыттарында өндірісті ұлғайту мәселесін шешіп, авиакомпанияларды отынмен қамтамасыз ету жөнінде бірыңғай жүйелі тәсілдер әзірлеуді ұсынды.