0:00 / 0:00
Орал қаласында аутизм спектрі бұзылған балаларды қолдау мақсатында «Асыл мирас» аутизм орталығы ашылды. Аталмыш орталық Самал көшесі, 102 мекенжайында орналасқан. Екі жылдай уақыт бұрын ата-аналар осындай орталықтың керек екенін айтқан еді. Арнайы мекеме балалар жылы аясында ашылды. Қала әкімдігі көлемі 700 шаршы метрге жуық ғимаратпен қамтамасыз етті. Орталықтың ашылуына облыс әкімі Ғали Есқалиев қатысты. Қала әкімдігі орталықты көлемі 700 шаршы метрге жуық ғимаратпен қамтамасыз етті. «ҚПО б.в.» компаниясы жөндеу жүргізді. Ал «Болат Өтемұратов» қоры заманауи жабдықтармен, жиһаздармен қатамасыз етті. Ең бастысы- бұл қор осында қызмет ететін педагогтердің білімін жетілдіріп, аутизм спектрі бұзылған балалар мен жасөспірімдердің өмір сүру сапасын жақсартатын, аутизмді түзетудің озық әдістеріне үйрететін арнайы курс оқытты. Орталық тегін қызмет көрсету арқылы ата-аналарға зор қолдау білдіретінін атап өтті. Облыс әкімі барлық кабинетті аралап, педагогтермен сөйлесіп, жұмысымен танысты. Аутизм орталығында «Болат Өтемұратов» қорының «Аутизм. Әлем баршаға ортақ» бағдарламасы жүзеге аспақ. Мұнда «Ерте қолдау», «Оқыту дағдыларын дамыту», «JASPER сөйлеу дағдыларын дамыту», «Әлеуметтік дағдыларды дамыту», «Өмірлік дағдыларды дамыту» және «Қарқынды курс» бағдарламалары бойынша кабинеттер жасақталған. Бұл бағдарламалар АСБ-ны анықтауға және әлеуметтік, сөйлеу және тұрмыстық дағдылардағы кемшіліктерді жоюға бағытталған. Орталық директоры Дилара Салыхованың айтуынша, облыстық психологиялық-дәрігерлік, педагогикалық кеңес беру мекемесінің тізімінде аутизм спектрі бұзылған 253 бала тұр. Заманауи оқу құралдарымен және жиһаздармен жабдықталған «Асыл мирас» орталығындағы сабақтарға ата-аналар да қатысады.