0:00 / 0:00
Орал қаласындағы Зашаған кентінде «Ашық әкімдік» орталығы ашылды. Жаңа кеңсе Жәңгір хан көшесі 160 мекенжайында орналасқан. Сондай-ақ бұл орталықта халыққа қызмет көрсету орталығының үшінші «Ашық үкімет» фронт-кеңсесі жұмысын бастады.Зашаған кентінің тұрғындары бұған дейін кентте халыққа қызмет көрсету орталығы мен әкімдікке қатысты мәселелер бойынша «Ашық әкімдік» ашу туралы ұсыныс білдірген болатын. Зашағандықтардың өтініші қабылданып, мемлекет басшысы атап өткен азаматтардың барлық сұраныстарына тез әрі тиімді жауап беретін «Есту мемлекеті» тұжырымдамасы аясында қала орталығынан қашық орналасқан тұрғындар үшін қала әкімдігіндегі Ашық әкімдіктің филиалы мен ХҚКО-ның бөлімшесі ашылып отыр. Бұл орталық Зашаған кентімен қатар Круглоозерный, Серебряков ауылы тұрғындарына қызмет ұсынады. Орталықтың ашылуына қатысқан қала әкімі Абат Шыныбеков мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету – басты мақсат екенін атады. Жаңа филиал ашықтық, қолжетімділік, қызмет көрсету сапасы және жайлылық қағидаттары бойынша жұмыс жасамақ. Яғни қызмет көрсету кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту, қызметтерді алуда кедергілерді төмендету, электронды кезек жүйесі мен қызметкерлердің сыпайылығы, қызмет алушыларға жайлылық басты назарда болады. Кеңсе аумағы кең, күтушілер үшін орындықтар қойылып, су таратқыш, төлем терминалдары орнатылған.Мемлекеттік корпорация тарапынан аталмыш бөлімшеде 20 маман қызмет көрсетеді. Ал «Ашық әкімдік» филиалында қала әкімдігінің төрт құрылымдық бөлімшесі 10 мемлекеттік, 18 қосымша қызметтерді ұсынады.