Орал қаласында жалғыз басты қариялар мен ардагерлерге жастар ұйымдары өкілдері көмек көрсетуде."Ардагерлерді ардақтайық" акциясы аясында үй-үйді аралаған еріктілер көмекке зәру жандарға отын жарып, қар күреп, үй шаруашылығын жүргізуге қол ұшын беріп жатыр. Жастардың қамқорлығына бөленген жандардың бірі - қайырымды жандар болмағанда былтыр қыста өз пәтерінде үсіп қала жаздаған Валентина Дубовская. 20 жыл бойы жиналған күл-қоқыс арасында жатқан 84 жасар кейуананың жағдайы көпшілікті бей-жай қалдырмаған еді. Науқастанып төсек тартып қалған қария ешкімнен көмек сұрай алмапты. Бұл жайды білген көпшілік бей-жәй қарамай, бірден дабыл қақты. Қазір кейуана өзін жақсы сезінеді. Еріктілердің көмегін алып, ризашылығын білдірді.
Жастар ұйымының белсенділері зейнеткерге көмір кіргізіп, отын жарып, ауласын күртік қардан аршып берді. Облыс орталығында осындай көмекке зәру 200-ден астам жан бар екен. Еріктілер жылдың барлық мезгілінде олардың пайдасына жарауға дайын екендерін мәлімдеді. Белсенділер "Ардагерлерді ардайық" акция аясында тағы да біраз жандарға қолғабыс көрсетуді жоспарлап отыр.