0:00 / 0:00
Орал қаласында 3 апатты үй сүрілетін болды. Олар Депо көшесі бойында орналасқан. Бұл жолы тек апатты ғимараттар жаңа тұрғын үй бой көтерген соң бұзылады. Оған дейін тұрғындар ескі пәтерлерін мекен қылмақ. Қала әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев тұрғындармен арнайы барып кездесіп, мердігермен бірге қандай жоспар барын таныстырды.
Депо көшесі 2/6 мекен-жайындағы қос қабатты апатты үйде 18 пәтер бар. Ғимарат 1936 жылы бой көтерген. Құлаудың шақ алдындағы үй жөндеуге келмейді. Бұл орайда апатты үйлерді жоюда мемлекеттік жеке серіктестік бағдарламасының шарапаты ғана тигелі тұр. Аталмыш үйде мемлекеттік бағдарламаны пайдалануға осыған дейін бір тұрғынның ғана келіспеушілігі кедергі болған еді. Енді барлық талап тілектер ескеріліп, түсінбеушілік орын алмас үшін алдын ала кездесу өткізіліп отыр.
Бұдан өзге Депо көшесіндегі 2/7, 2/8 үйлерінің де мәселесі аталмыш мемлекеттік бағдарлама бойынша шешілетін болды. 3 тұрғын үйде жалпы саны 50 пәтер бар.
Қаламызда 40 ғимарат апатты деп танылған. Мемлекеттік жеке серіктестік бағдарламасы тұрғындарға да, мемлекетке де, мердігер үшін де тиімді болып тұр. Былтыр бағдарлама бойынша бой көтерген алғашқы үй қолданысқа берілді.