0:00 / 0:00
Алматыдағы атыс 5 адамның өмірін қиды. Еске сала кетейік, 20 қыркүйекте Алматы қаласында жантүршігерлік жағдай орын алды. Бірнеше полиция қызметкері, жеке сот орындаушылары және үйдің жаңа иесі борышкерді шығару туралы сот шешімін орындауға келген еді. Алайда, сот шешімімен келіспеген 1967 жылы туған азамат бірден оқ атып, салдарынан бес бірдей адам қайтыс болды. Күдікті ұсталды. Қылмыстық іс қозғалды. Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденовтің айтуынша, күдікті 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Алматы кешінде орны алған атыс 5 адамның өмірін қиды. Оқ атқан адамның отбасына тиесілі үй банкте кепілдікте тұрып, қарызын өтей алмаған соң, сатылған. Үй сот орындаушысы арқылы үшінші тұлғаға саудаланған. Алайда, үйдің бұрынғы иесі сот шешімімен келіспей, бергісі келмеген. Соттың шешімін орындауға келгендер үйді босату туралы қаулыны таныстырған. Алайды үйдің бұрынғы иесі мылтығын алып шығып, оқ жаудырады. Салдарынан бес адам қаза болды. Оның екеуі полицей, біреуі жеке сот орындаушысы және үйдің жаңа иесі мен оның танысы болып шықты. Озбырлықпен оқ жаудырған 1967 жылы туған күдікті ұсталды. Енді оны 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр. Мәлім болғандай полицейлер қарсы қару қолданбаған.
Алматыны дүр сілкіндер атыс кезінде үйде отбасы мүшелері болған. Олардың ішінде кәмелет жасқа толмаған үш баласы бар. Күдіктінің жұбайы күйеуінің мұндай қылмысқа баруына банк кінәлі деп отыр. Ол Президент әкімшілігіне үндеу жолдап, оларға сот орындаушылар қоқан-лоқы көрсеткенін айтты.
АНАИДА ДЕМИРЧЯН - КҮДІКТІНІҢ ЖҰБАЙЫ -«Біз кәмелет жасқа толмаған балаларымыз барын айттық. Кішкентай балаларымыз барына қарамастан жалғыз баспанамызды тартып алып жатыр. Бұл жерде коммерциялық сән салоны бар. Ол бүкіл қарызды жабар еді. Бірақ банк бұл ұсынысымызды қабылдамай қойды»
Қоғам белсенділері, бұл трагедияға заңдағы шикіліктер, тойып секірген екінші деңгейлі банктер кінәлі деп есептейді.
ҚАНАҒАТ ТӘКЕЕВА – «АЗАМАТТАРДЫҢ БАСТАМАЛАРЫН ҚОЛДАУ» ҚОРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ «Неге ол азамат оқ атуға бел буды? Себебі, жеке сот орындаушыларына баспананы нарық бағасынан 50 пайызға төменге бағалап сатуға құқық берілді. Үйі су текке кетті. Ол жылдар бойы банк алдындағы қарызын өте келіп, барын салды. Банк оның бар жиғанын сығып алды. Енді төлейтін ештеңесі қалмаған соң, банк қыспағыннан осындай қадамға барды».
Белсенділердің айтуынша, біздің заңдарда жемқорлыққа жол беретін,алаяқтық жолмен тартып алатын саңылаулар баршылық.