0:00 / 0:00
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша қазақ тіліне 18 кітап аударылғаны белгілі. Аударылған оқулықтар жуырда елбасымызға таныстырылып, келер жылдан бастап жоғарғы білім ордаларының бағдарламасына енгізілмек. Аталмыш жобаның ұтымды тұстарын батысқазақстандықтар да құптап отыр.
Елбасы тапсырмасымен түпнұсқадан қазақ тіліне аударылған кітаптар гуманитарлық ілімдерді қамтиды. Қазақстанның алдыңғы қатарлы оқу орындары мен 100-ден аса маман тәржімалаған оқулықтар әлеуметтану, тарих, Менеджмент, Тіл білімі тақырыбында. Баспадан шыққан су жаңа кітаптар бүгінде жоғары оқу орындарына таратылуда.
Келер жылғы оқу жылынан бастап бұл оқулықтарды жоғары білім беру жүйесіне енгізу жоспарлануда. Ал қазір кітаптар студенттерге таныстырылып, оқытушылар арасында да насихатталып жатыр. Бұл оқулықтар көпшілік үшін кітап түрінде, электрондық онлайн нұсқасында және үздік лекторлардың ашық дәрістерінің видеотекасы сияқты үш форматта қол жетімді болмақ. Осылайша, ел жастары, қандастарымыз әлемдік ғылым салаларына бір табан жақындай түспек. Білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлау - болашаққа жасалатын ең басты бағдар. Ауқымды жоба бірер жылдан-ақ өз жемісін бере бастайды. Бұған жастар да қолдауларын білдіріп отыр. Айта кетейік, оқу құралдарын қазақ тіліне аудару жұмыстарының нәтижесінде мемлекеттік тіл қоры 3 мың жаңа терминмен және ұғыммен толықтырылды. Сонымен қатар 2018 жылы тағы 30 кітап қазақ тіліне аударылады.