Футболдан Қазақстан чемпионатының тоғызыншы туры мәресіне жетті. Онда Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында «Жетісу» командасымен ойын өткізді. Сенбі күні жанкүйерсіз өткен додада жергілікті команда жеңіс тұғырынан көрінді.Тоғыз ұпаймен турнир кестесінің соңына қарай жайғасқан «Ақжайық» бұл жолы ширақ қимылдап, қарсыластың қақпасын көздеумен болды. Нәтижесінде 22-минутта Эльдар Абдрахмановтан пас алған шабуылшы Николай Ковталюк «Ақжайық» сапындағы алғашқы голын соқты. Бұдан кейін де Владимир Мазяр шәкірттерінің есепті еселейтін мүмкіндіктері болған. Алайда Андрей Шабанов «Жетісу» қақпасын қорғауда қырағылық танытты. Бірінші тайм соңында қорғаушы Александр Кислицын айып добын сәтті орындап, таразы басын теңестірді. Ойынның екінші бөлігінде де командалар өзара біраз тартысты. Тек матчтың аяқталуына санаулы минуттар қалғанда Николай Ковталюк үшінші голын соқты. Осылайша матч 3:2 есебімен «Ақжайықтың» жеңісімен аяқталды. Енді оралдық команда Қызылорданың «Қайсарымен» шеберлік сынасады. Ал «Жетісу» «Ақтөбені» қабылдайды.