0:00 / 0:00
Өз алаңынында, жанкүйерлері алдында өткен кездесуде оралдық аяқ допшылардың мерейі үстем болды. Қонақтар қақпасына жауап қаттырмастан 3 бірдей допты дөп соққан "Ақжайық" командасы турнир кестесінің 5-ші орнына көтерілді.
Бұл премьер лиганың 22-ші туры аясында сәрсенбінің сәтті күніне ауыстырған кездесу болатын. Атоян алаңында жерлестеріміз "Астана" футболшыларын құшақ жая қарсы алды. Алғашқы голдың авторы Игорь Худобяк атанса, Малин Мане есепті еселеді, ал соңғы доп шабуылшы Адеринсола Эсеоланың орындауында тіркелді. Осылайша кездесу 3.0 есебімен жерлестеріміздің керемет жеңісімен аяқталды.
-"Тамаша матч болды. Біз жеңімпаздарды ұттық. "Астанаға" гол соғуға ешқандай мүмкіндік болмады. Алда екінші айналым. Әрі қарай да жеңіске ұмтыламыз",-дейді "Ақжайық" ФК ойыншысы Адеринсола Эсеола.
Жеңісті ойынмен футболшыларды құттықтауға БҚО әкімі Алтай Көлгінов арнайы келді. Ол киіну бөлмесінде аяқ допшылармен кездесіп, жүрек жарды құттықтауын жеткізді.
Жанкүйерлердің ыстық ілтипаты мен аймақ басшысының тілегі ойыншыларға айрықша рух сыйлады. Олар келесі ойында да жеңістің туын желбірету үшін бар күштерін жұмсайтындарын айтты. Матчтан соң өткен баспасөз конференциясында бапкерлер ойынға қатысты пікірлерін білдірген болатын.
-"Біріншіден жеңіске жеткен кезде баспасөз конференциясында сөйлеудің өзі бір ғанибет екен. Енді біз жіберілген қателіктерді жойып, осы бағытпен алға қарай жүретін боламыз. Бұл қаншама бапкердің командаға сіңірген еңбегі. Бірінші минуттан соңына дейін қолдау білдірген жанкүйерлерге айтар алғысымыз шексіз. Бізге жеңіске масаттанып, босаңсуға болмайды",-дейді "Ақжайық" ФК бас бапкерінің м.а Артур Авакянц.
-"Динамикалық жағынан да, физикалық тұрғыдан да қиындықтар болды. Кеше біздер ұшайын деп жатқанда рейсті тоқтатып тастады. Салдарынан басқа жол іздеу керек болды. Әупірімдеп бүгін таңғы рейспен жеттік. Осыған байланысты футболшылар ұйықтап, тыныққан жоқ. Дайындық та болмады. Бұл ақталғанымыз емес, нақты факті. Ойында ұйымшылдық болмады",-дейді "Астана" ФК бас бапкері Григорий Бабаян.
Айта кетейік, премьер лига аясындағы келесі ойын 27-мамыр күні Атоян алаңына өтеді. "Ақжайық" премьер лига аясында Қызылорданың "Қайсар" командасымен күш сынасатын болады.