0:00 / 0:00
Қазақстанда ақылы жолдардың ұзындығын 11 мың шақырымға арттыру көзделіп отыр. Бұл жайында министрлер кабинетінде өткен жиында айтылды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, 15 автожол жобасы жүзеге асырылып жатыр.Атамқұлов осы жылдың соңына дейін жалпы ұзындығы 607 шақырымдық 4 жаңа автожол жобасы басталатынын жеткізді. Жалпы 2021-2025 жылдар аралығында республикалық маңызы бар 12 мың шақырым автожол салынып, жөнделеді. Соның аясында жыл сайын 200 мың адам жұмыспен қамтылады. 2025 жылға дейін республикадағы автожолдардың сапасын сақадай сай қыламыз деп отыр.
Қазақстандықтар алыс жолға көлікпен шығуға тартынады. Себебі, ауыл арасындағы жолдарды айтпағанда, республкиалық маңызы бар жолдардың сапасы сын көтермейді. Бұл мәселе күн тәртібінен түскен емес. Жылда жол жөндеуге,оны салуға қыруар қаржы бөлінеді. Алайда, сапасыз жолдар жолаушыларды қажытты. Мемлекетке көлік салығын төленіп жатыр. Бірақ нәтиже жоқ. Енді үкімет сапасы жоғары тамаша жолдар саламыз деп уәде етіп отыр. Бірақ жақсы жолмен жүру үшін құнын төлеуің керек. Яғни ақылы жолдардың ұзындығы 11 мың шақырымға артады. Индустрия министрі одан түсетін пайданы да есептеп қойыпты. Жыл соңына дейін ақылы жолдардан 25 млрд теңге түсім түспек.
Алайда, бізде ақысы төленген жолдардың да сапасы керемет деп айту қиын. Батыс елдерінде көлік магистраліне 10 жылда бір рет ғана жөндеу жұмысын жүргізеді. Ал Қазақстанда жарты жыл сайын жолдардың жыртығын жамап жатады. Сапасыз жолдардың артында мемлекеттік сатып алулардың былығы жатқаны мәлім. Мердігер сапасыз құрылыс материалын пайдаланып, ақша үнемдейтін жағдайлар да баршылық. Өткен жылы жол жөндеу нысандарында 810 заң бұзушылық тіркелді. Министр Атамқұлов жол сапасын жіті бақылауыма аламын деп уәде етті. Ал тас жолдардың бойында 400 қызмет көрсету нысанын саламыз деп отыр. Оның ішінде жанар-жағар май құю стансалары, қонайқүйлер, тамақтану орындары, дәретханалар бар.
Республикалық маңызы жолдардан басқа, облыс, аудан, ауыл аралық жолдардың жағдайын да ұмытпағанымыз жөн. Индустрия министрі жол деп айтуға келмейтін жолдардың барын мойындап отыр. Сапасыз жолдар бойынша Батыс-Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облыстары көш бастап тұр. Үкімет 2025 жылға дейін республикалық маңызы бар жолдарды 100 пайызға, жергілікті жолдарды 95 пайызға жаңартуды көздеп отыр.