0:00 / 0:00
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында Ақтау қаласының іргетасы қаланды. Аталмыш шаһар 1964 пен 1991 жылдар аралығында украиндық ақын Тарас Шевченконың есімімен аталғаны есімізде. Тәуелсіздікпен бірге атауы өзгерген шаһар бүгінде қарыштап дамып, туризмнің Отаны болу үшін аянбай еңбектеніп жатыр. Жыл сайын Қарт Каспийге барып, теңіз суына шомылып, жанұясымен бірге демалып жүрген жандардың қарасы көбейіп келеді.
Жыл санап, Қарт Каспийдің шипалы суына шомылып, Маңғыстау өңіріне табан тірейтін меймандардың қарасы көбейіп келеді. Биыл пандемияға байланысты Ақтауда демалған жандардың қарасы қалың. Отандық туризм қарыштап дамыса, шетел асқан млн.даған теңге еліміздің қазынасына түсіп, осы салада жұмыстанатын жандардың әл-ауқаты артатыны бесенеден белгілі. Өңірде теңіз туризмін дамытып отырған кәсіпкерлер жыл өткен сайын сұраныстың өсіп келе жатқанын айтады. Бизнес субъектілері судағы туризмді дамыту үшін арнайы вокзал салу қажеттігін айтады. Аталмыш вокзал күннің аптап ыстығы мен екпіні қатты желде адамдарға қорған болмақ.
Толқыны тулаған Каспийдің жағалауына келген мейман Ақтауда құрылыстың қарқын алғанын бірден көреді. Аталмыш өңір құрылыс бойынша еліміздің үштігіне ілігеді екен. Қазіргі таңда аспанмен таласқан үйлердің құрылысы қарқынды жүзеге асып жатыр. Баспана салуға жекеменшік компаниялар да үлес қосуда.
Құрылыс алаңында 20-шақты адам жұмыстануда. Үй салуда тек отандық өнім қолданылып отыр. Құрылыс биыл желтоқсанда аяқталады деп күтілуде.