0:00 / 0:00
Сыбайлас-жемқорлықпен күрес қанша күшейтілсе де, ақшаға құнығып алған жемқорларды тоқтау мүмкін емес. Сыбайлас-жемқорлықпен күрес агенттігінің мәліметінше, тек бір аптада елімізде 120 жемқорлық ісі бойынша тергеу басталды. Күдіктілер арасында алты бірдей лауазымды тұлға бар. Оның ішінде мәдениет және спорт министрлігінің екі шенеунігі 400 млн теңге ақша жымқырды деген күдікке ілінді. Төртеуі мемлекеттік және жекеменшік компаниялардың басшылары. Бір қызығы, кейбір жемқорлар мемлекет салатын айыппұлдан бас тартып, түрмеде отыруға дайын.
Экономикалық қылмыс бойынша сотталғандар көп жағдайда мемлекетке айыппұл төлеп, бас бостандығын сақтап қалып жатады. Өздеріңізге белгілі, экс –министр Қуандық Бішімбаев 10 жылға сотталып, кейін айыппұл төлеп, босап шықты. Бұрынғы білім вице-министрі Эльмира Суханбердиева да айыппұл төлеп, құтылғанды. Яғни белгіленген уақытта айыппұл төлейді, болмаса, темір тордың арғы жағына жабылады. Оның өзінде судья сотталушының қаржылық жағдайын назарға алады. Заңгерлердің айтуынша, мемлекет үшін түрмеге жабылған жемқорларды асырағанша, айыппұл салып, ақшасын сыпырып алған тиімді.
Данияр Бигайдаров – ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс - қимыл агенттігінің тергеушісі; «Келтірілген шығын бюджетке ақшалай айыппұл төлеумен ғана емес, құрылыс жұмыстарын жүргізу, тауар жеткізіп беру, қызмет көрсету, мемлекетке жер телімдерін және пәтерлерін қайтарып беру арқылы да өтеліп жатады. 2019 жылдың басынан бері жемқорлық қылмыстық істер бойынша тәркіленген мүлік құны бір млрд теңгені құрады».
Бүгінгі тәжірибе көрсетіп отырғандай, сыбайлас жемқорлық ісі бойынша ұсталған лауазымды тұлғалар бірден кінәсін мойындап,сотпен келісімге барып жатады. Сотқа дейін мемлекетке келген шығынды өтеп тастауға тырысады. Осылайша, млндаған соманы жымқырып, айыпталған адамның сот залынан бірден босап шығып жатқандарын да көріп жүрміз. Дегенмен, шық бермес шығайбайлар да жоқ емес. Қыруар айыппұлды төлегенше, түрмеде отырғаным жөн дейтін де бар.
Данияр Бигайдаров – ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс - қимыл агенттігінің тергеушісі; «2016 жылдан бүгінгі күнге дейін 2000 мың адам сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша сотталды. Шығын көлемі 17 млрд теңгені құрады, оның 10 млрд теңгесі бюджетке төленді.Айта кету керек, бұл орайда мемлекетке айыппұл төлеуден бас тартып, бас бостандығынан айырғанды жөн деп санайтындар да бар. Яғни 17 млрдтың қазынаға түспей қалған 7 млрды осы азаматтар өтеуден бас тартқан айыппұлға тиесілі».
Ал тәуелсіз заңгерлердің пікірінше, халықаралық тәжірибеде жемқордың сот залынан шартты түрде босап шығуы мүлдем қабылданбайды. АҚШ пен Еуропа елдерінде мұндай тәжірибе жоқ. Ал бізде шенеунік қолға түсіп қалса, 30 есеге көп айыппұлды төлеп, құтыла салады. Алайда, бұл қомақты қаржы оған қайдан келді деген сұрақ туындайды. Бірақ оны сұрап жатқан ешкім жоқ.