Жыл сайын мамыр айында су жағалауларының аумақтарын жинау мен балық шаруашылығы су айдындарын тастанды желілерден тазарту мақсатында «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясы өткізіледі. «Адамның табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтар тілі жоқ» – десе де қазіргі таңда көптеген табиғат тазалығы жөнінде акциялар өткізіліп келеді.
Осы жылы акцияға орта-арнаулы және жоғарғы оқу орындарының студенттері, әкімдіктер, қоғамдық ұйымдар, су айдындарын жалдаушылар қатысты.
Акцияның мақсаты табиғатты тазалап қою ғана емес, жастарға, келер ұрпаққа адамзаттың табиғатсыз күні жоқ екенін ұқтыру. Таза су – денсаулық кепілі, тіршілік көзі. Көктем келіп, қар мен мұздың еріп, күннің көзі шуағын төге бастағаннан демалыстың қызғатын шағы. Көпшілік халықтың осы мамыражай кезеңде жасыл желекке оранған табиғат аясына асығатыны бәріне аян. Көбіне өзен-көлдердің жағалауында демалатындар тек тынығып қана қоймай, су айдындарын ластап кетіп жатады.
Осы орайда, ҚР ЭГТРМ Балық шаруашылығы комитетінің ұйымдастыруымен республика көлемінде «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, биыл да жалғасын тапты. Бұл акцияның маңыздылығы су айдындарын тұрмыстық қалдықтардан тазалау. Биыл аталған акция 18 наурыз бен 31 мамыр аралығында өтті. Осы уақыт республика бойынша 628,6 тонна қоқыс су айдындарынан тазартылды.
Аталған акция балық шаруашылығы субъектілері мен балық ресурстарын қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың күшімен жүзеге асырылады. Акция 6187 адамның қатысуымен, 359 жүзу құралы, 1201 бірлік автомашина мен жүк көлігі құралдары мен жүргізілді.
Айта кету қажет, өңірлердің ауа райы-климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Алматы және Жамбыл облыстарында «Таза су айдындары» табиғатты қорғау акциясы осы жылдың 18 наурызында, ал Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында ағымдағы жылдың 15 сәуірінен басталды.
Су қоймаларын иесіз балық аулау желілерінен тазарту және жағалау аумақтарын тазарту бойынша тұрақты жүргізілетін акциялар балық ресурстары мен басқа да су жануарларының тіршілік ету ортасында қолайлы жағдайлар жасауға ықпал ететін болады.
Ел азаматтарын қазіргі және болашақ ұрпақтың мүддесі үшін су биологиялық ресурстарының табиғатына, сақталуына және ұтымды пайдаланылуына ұқыпты қарауға шақырамыз.
Нариман Жүнісов,
ҚР ЭГТРМ Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы