0:00 / 0:00
БҚО-да күнбағыс майын өндірушілер өнімді экспорттай алмай отыр. Тауарларды шетелге жеткізуге қойылатын шектеулер күнбағыс өсіретін кәсіпорындар мен фермерлердің жұмысына оң әсерін тигізбеген. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер "Ақ Жол" ҚДП-ның Республика Парламенті Мәжілісіндегі депутаттарымен мәселені талқылады. Сонымен қатар, шаруа қожалықтар өкілдері ауыл шаруашылығының дамуына кедергі келтіретін басқа да бірқатар мәселелерді қозғады.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын шектеудің негізгі мақсаты - жергілікті деңгейде тауар бағасын төмендету. Өнімнің бағасы біршама түсті. Бірақ бұл жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімдерін сатуда қиындық туғызады. Тауарды экспорттау мүмкіндігінің жоқтығынан капитал ағыны мен салық түсімдері жоқ деп шағымданып отыр кәсіпкерлер.
Тауарды экспорттауға тыйым салу бүкіл өндірістің дамуына кедергі келтіреді. Парламент Мәжілісінің депутаттары кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, экспортқа қойылған шектеулер бағаны тұрақтандыру мәселесін шешпейтінін, сайып келгенде қымбатшылықты одан сайын ушықтыра түсетінін айтты. Бүгінде май зауыты шаруа қожалықтарынан күнбағыс тұқымын қабылдай алмайды.
Депутаттармен диалог барысында фермерлер тағы да бірқатар мәселелерді, соның ішінде несие беру және субсидиялау жағдайларын айтты.
"Ақ жол" партиясының депутаттары ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге барлық мәселелерді үкіметке жеткізуге уәде берді.