0:00 / 0:00
"Ақ жол" демократиялық партиясы мүмкіндігі шектеулі балаларға тамаша көңіл-күй сыйлады. Қам көңіл жандарға қамқорлық таныту бұл азаматтық борышымыз деп пайымдайтын партия өкілдері балаларға арнап Ақжайық өлкесіне арнайылап келген шетелдік цирктің қойылымын қарау үшін баларға тегін билеттер таратты.
Бүгінгі таңда, кішкентайынан тағдырдың тауқыметін тартып жүрген, денсаулығында түрлі ақауы бар бүлдіршіндерге қолдау көрсету қоғамның әр мүшесінің парызы іспеттес. Қазіргі таңда, қайырымдылық жасап, қам көңіл жандарға қуаныш сыйлап, тамаша тарту жасап жүрген жандардың қарасы көбеюде. Бұл, әрине ерекше күтімді қажетсінетін бүлдіршіндер мен ата-анасына моральдық материалдық тұрғыда көмек екендігі сөзсіз. Қайырымдылық жасау азаматтық борышымыз деп есептейтін "Ақ жол" демократиялық партиясы "Мейірім" мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қоғамдық қордың жеткіншектеріне арнап, Оралға табан тіреген цирктың қойылымына тарту жасады. Баласының қуанышын көрген ата-ана қайырымдылық шарасын ұйымдастырған партияға алғыстарын білдірді.
Бүгінгі таңда, "Мейірім" қоғамдық бірлестігінде тірек-қимыл аппараттары бұзылған, аутизм дерті мен түрлі сырқатқа шалдыққан балалар әлеуметтік ортаға бейімделуде. Қоғамдық бірлестік төрайымы "Ақ жол" партиясының қайырымдылық шараларын жіпке тізіп берді.
Қам көңіл жандар үшін әрбір ұйымдастырылатын шара баланың дамуы мен оның дүние танымына, әлеуметтік тұрғыда бейімделуі мен өмірге деген қызығушылығын арттыруда көп көмегін тигізіп жатады. Ал, шетелдік цирктің әрбір қойылымы бүлдіршіндердің жадында көпке дейін сақталмақ.