Ақ Жайық жамағаты мәуліт кешіне жиылды. «Мерейлі Мәуліт» атты рухани шараға облыс аудандарынан келген имамдар мен Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының өкіл имамы арнайы қатысты. Мәдени-танымдық кеште иләһи әндер шырқалып, пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға сансыз салауаттар айтты. Жүздері бал-бұл жайнаған бұл үммет Облыстық жастар шығармашылық орталығында жиылды. Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (Саллалаһу әлейһй уа салям)-ды еске алуға арналған мүбарак кеште екі дүние сардарына деген сарқылмас сағыныш салауаттармен жеткізілді.
Рухани кешті тамашалауға келген қалың бұқара қасиетті Құран Кәрім аяттарымен сусындап, Орал медресесінің шәкірттері бұл кешті одан әрі шырайландыра түсті. Күллі адамзатқа көркем үлгі болған ұлы тұлғаның өмірінен танымды оқиғалар айтылып, оның көркем мінезі де осы кеште насихат етілді. Тағылымды кешке арнайы қатысқан Батыс Қазақстан облысының бас имамаы да Жайық жұртшылығын қасиетті Мәуліт мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Илаһи әндермен, тағылымды көріністермен көркемделген Мәуліт кешіне жиылған жамағат адамзаттың асыл тәжі болған пайғамбарымызды сағына еске алды. Рабиул әууәл айына сәйкес келген желтоқсан айында да биыл мәулітке орайластырылған көптеген шаралар өткен. Жиналған исі мұсылман жамағаты жоғары деңгейде ұйымдастырылған Мәуліт кешіне ризашылықтарын білдіріп тарасты.