Облыста мамыр айы басталғалы төрт адам суға батып кеткен. БҚО ТЖ департаментінің мамандары таратқан мәліметке қарағанда, бірінші оқиға 17 мамыр күні кешкісін Тасқала ауданы Тасқала ауылында болған. Сағат 19:40-та 1973 жылғы ер адам мас күйінде балық аулау кезінде Деркөл өзеніне батып кеткен. Марқұмның денесі ТЖ департаменті күшімен сағат 21.56-да судан шығарылыпты. Сондай-ақ тағы бір осындай оқиға Орал қаласында тіркеліп отыр. Сағат 21:17-де қалалық мәдениет және демалыс саябағы аумағында Шаған өзенінде катамаранмен жүзіп жүрген демалушыдан жағажайда өлі адамның денесі көрінгені жөнінде хабар түскен. Соңғы күндері өңірде күн қатты ысып, өзен-көлге шомылушылар саны артқан. Осыған орай ТЖ департаменті тұрғындарға суға түсу ережелерін қатаң сақтау керектігін ескертеді.