0:00 / 0:00
Оралда қала әкімі аппаратының басшысы Алтай Құлқаевқа қызметтік баспана берген комиссия мүшелері жауапкершілікке тартылды. Әдеп кеңесінің мүшелері қала әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев, қаржы бөлімінің басшысы Ербол Шүкірғалиев, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Алмат Ашиков, қала әкімі аппаратының бірыңғай мемлекеттік-құқықтық жұмыстар қызметі бөлімінің басшысы Әлихан Мыңжасаровқа қызметіне толық сәйкес келмейді деген ескерту түріндегі тәртіптік жаза тағайындау туралы шешім қабылданды.
Әдеп кеңесінде қала прокуратурасының қызметкері баяндама жасады.
Тәртіптік іс қаралған шақта қала әкімі аппаратының басшысы қызметтік пәтерін босатып беріп, мемлекет меншігіне қайтарғаны анықталды. Тұрғын үй заңнамасы бойынша басында баспанасы болған жандар 5 жыл толмай, пәтер кезегіне тұрып, қызметтік пәтер ала алмайды екен. Межелі уақыт өтпей қызметтік баспана беруге шешім қабылдаған комиссия мүшелері оқиғаны баяндап берді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметтік пәтерде тұрған мемлекеттік қызметші 5 жылдан соң арзан бағаға сол баспанасын сатып алатын мүмкіндікке ие. Әдеп кеңесінің мүшелері баспана мәселесін жіті қарап, біраз ойларын ортаға салды. Нәтижесінде комиссия мүшелеріне қызметіне толық сәйкес келмейді деп ескерту түріндегі тәртіптік жаза тағайындады.
Әдеп кеңесінде жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасарына сөгіс жариялады. Ол жеке тұлғадан қарызға ақша алады. Қарызын өзінің немесе жұбайының есепшотына аудартып отырған. Сондай-ақ, жиын барысында дене шынықтыру және спорт басқармасына қатысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдаудың нәтижесі айтылды.