31-ші наурызда Орал қаласы Құрманғазы көшесінде орналасқан тұрғын үйлердің бірінде 58 жастағы ер адамның мүрдесі табылыпты. Полиция қызметкерлері марқұмның денесінде ешқандай күш көрсету белгілері болмағанын айтады. Адам өлімінің себебін анықтау үшін мүрдені сот-медициналық сараптамасына жолдайды. Қазіргі таңда марқұмның 16-шы наурызда Ресей Федерациясынан келгені анықталып отыр. Коронавирустың еліміздің аумағына таралмауына байланысты ер адамның мүрдесі карантин талаптарына сәйкес тасымалданатын болады. Осыған байланысты әлеуметтік желіде көптеген сыбыс таралуы мүмкін. Полиция қызметкерлері тек ресми ақпаратқа сеніп, жалған ақпар таратпауды сұрайды. Себебі, төтенше жағдай уақытында шындыққа жанаспайтын ақпаратты таратқан адам қылмыстық кодекстің 274- бабы бойынша үш жылдан, жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылып немесе сол мерзім аралығында жазасын шартты өтейтін болады.