0:00 / 0:00
Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен инвестицияларды тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және экспортты дамыту жөніндегі өңірлік кеңестің отырысы өтті. Онда барлығы 6 инвестициялық жоба мақұлданды.Кеңесті ашқан облыс әкімі Ғали Есқалиев соңғы екі жылда 44 инвестициялық жоба мақұлданғанын атап өтті. Соның ішінде 8 миллиард теңгеге 6 инвест жоба іске қосылды. Нәтижесінде 215 жұмыс орны ашылды. 550 миллиард теңгенің 22 жобасы бойынша құрылыс жұмысы жүргізілуде. Яғни, бірнеше жұмыс орны пайда болып, кәсіпкерлікке бет бұрғандар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатары артып келеді.Кеңес отырысында «West Trans Logistics KZ» ЖШС-ның директоры Азамат Ғұбайдуллин логистикалық орталық жобасын таныстырды. Кешен аумағы 10 гектарды қамтымақ. Логистикалық орталықта қойма, сауда және іскерлік инфрақұрылымдар қолға алынады. Жоба мақсаты - жоғары деңгейлі стандарттар бойынша логистикалық кешен салу арқылы елдің көліктік әлеуетін арттыру, облыс арқылы өтетін жүк көліктеріне қызмет көрсету. Жүк айналымы жылына 8 мың тонна болмақ. Көлік-логистикалық кешен Орал қаласының Еуропадан келетін жүк ағынын көбейтуге мүмкіндік бермек. «Бакулин Моторс Групп» АҚ-ның бас директоры Алексей Бакулин Volgabus аутобустарын құрастыру жобасы жөнінде баяндады. Оған тартылатын инвестиция көлемі - 20 миллиард теңге. Жобаға сәйкес жылына газмоторлы 50 аутобус және 50 электробус құрастырып шығару көзделген. Одан әрі «Миком» ЖШС-ның директоры Федор Мостовщиков медициналық және өнеркәсіптік газдар өндірісін кеңейту жобасы бойынша, шамамен 2 мың тонна сұйық оттегі, 1 мың тонна сұйық азот, әр түрлі мақсатқа арналған 140 мың текше метр газ қоспасын (медициналық, дәнекерлеу және тағы басқа) өндіру жоспарланғанын жеткізді. Кеңес отырысында өзге де инвесторлар Бәйтерек ауданында балық шаруашылығын дамыту, Орал қаласында метан құю бекетін ашу және балаларды дамыту орталығын іске қосуға байланысты жоба жоспарларын таныстырды. Облыс әкімі Ғали Есқалиев аталған жобаларды мақұлдайтындарын айта келіп, инвесторларды қолдау бағытында қала әкімі мен басқарма басшыларына тапсырма берді.