0:00 / 0:00
БҚО-ның Подстепный ауылында қайырымды жандар үй сыйлаған Екатерина Скворцова өз қуанышын құрбысымен бөлісуде. Балалар үйінің түлегі өзінің 6 баласымен қақаған қыста саяжайдағы тар үйшікті мекендеп келген болатын. Әйелдің қиын жағдайы телекөрермендерімізді бей-жәй қалдырмады. Бірі киім-кешекпен, бірі-азық-түлік жағынан көмектессе, тағы бір азаматша-көп балалы анаға үлкен үй сыйлады. Бүгінде Екатерина Скворцова сол үйде құрбысымен бірге 10 баланы тәрбиелеп отыр. Телеарнамыздың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында аталмыш кейіпкермен жүздесудің сәті түскен еді. Толығырақ келесі сюжетте.
Ең алғашқы рет Екатерина Скворцовамен ақпан айында жүздескен болатынбыз. Бұл кезде азаматша шалғайдағы саяжайлардың біріндегі тар үйшікте 6 баласымен тұрып жатырды. Үнемі от жағуға тура келетін аядай бір бөлмеде балалар күтімі үшін ешқандай жағдай жасалмаған. Қайырымды жандар болмаса жақын-жуығы жоқ балалар үйінің түлегіне азық-түлік табудың өзі бір мұң болатын. 53 жастағы отағасының денсаулығына байланысты отбасына асырауға қауқарсыз болып қалуы әйелді көпшіліктен көмек сұрауға мәжбүр қылады.
28 жастағы Катяның ең үлкен қызы-бес жаста болса, ең кішкентай егіздер Захар мен Коля бұл кезде бір жаста-тұғын. Бұл жағдайды телеарнамыздан көрген көрермендердің бірі Скворцоваға үлкен үй сыйлады. Аты-жөнін құпия қалдырғысы келген қайырымды жан отбасы мүліктерін де тарту етеді. Бүгінде азаматша өз үйінде бау-бақшасының өнімін жинауда.
Сондай-ақ бүгінде отбасы мүшелері толығып отыр. Бір кездері өзіне қамқор әпкесіндей болған әйел қазір 5 баласымен Екатеринаның қасына көшіп келіпті.
Биыл балалардың бірі мектеп алды да даярлық тобына, бірі-балабақшаға барады. Оқу жылына қамданатын уақыт келді.
Қайырымды жан сыйлаған баспана осылайша екі отбасыға пана болды. Көп балалы үйдің ханымдары балаларды бірлесе тәрбиелеуге келіскен.