0:00 / 0:00
Облыстық көп бейінді балалар ауруханасында тоқ соққан бес жасар бүлдіршіннің екі қолы кесілді. Бұл туралы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады. Қазір сәби дәрігерлер бақылауында. Қайғылы оқиға 24 мамыр күні тіркеліпті. Трансформаторға тоққа соғылып, екі қолын 18 пайыз күйік шалған сәбиге ампутация жасалды. Ақ халаттылар 5 жасар ер баланың денсаулығын жақсарту жолында барлық қажетті ем-дом шарасын жасауда.Оқиға Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылында болған. 4 бала ойнап жүріп, елдімекен шетіндегі подстанция ауласына кіріп трансформатордың қақпасын ашқанда тоқ соққан. Кеңес кезінде салынған трансформатор қоршалғанымен әбден ескірген. Ойын балалары қараусыз жүріп, қауіпті аумаққа кіріп кеткен. Осы орайда мамандар балаларды қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Ал дәрігерлер оның жағдайын өте ауыр деп бағалап отыр.