0:00 / 0:00
БҚО-да тағы бес адамнан COVID-19 анықталды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялық қызметі ұйымдастырған брифингте БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев мәлімдеді. Алғашқы ауру облыста наурыздың 29-ы анықталса, іле-шала яғни 31 наурыздан бастап карантиндік режим енгізілді. Күні бүгін коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 30 адамға жетті. Соңғы жағдайларға тоқталсақ, Бірінші ауру жұқтырған азамат - 30 жастағы Орал қаласының тұрғыны. Ол коронавирустық инфекция жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болуына байланысты карантиндік стационарға жатқызылып, зертханалық сынама алынған. Ал жаман індет инфекциясы табылған 4 азамат Ресей Федерациясында вахта әдісімен жұмыс жасайтын Батыс Қазақстан облысының тұрғындары. Барлығы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына орналастырылды. Науқаспен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынуда. Ауру ошақтарында эпидемиялық зерттеу жұмыстары, дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде. Эпидемияға қарсы іс-шаралар жалғасуда. Бүгінгі жағдай бойынша облысымызда коронавирустық жұқпадан 2 адам жазылып шықты. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында - 28 адам, провизорлық стационарда - 50, карантиндік стационарда - 158, үй оқшаулауында - 1396 адам дәрігерлер бақылауында. Естеріңізге сала кетеміз, 15 сәуірде облыстың бас санитар-дәрігерінің бұйрығына тиісті өзгерістер енгізіліп, шектеу шаралары одан сайын күшейтілді. Кешелі бері облыс орталығында қоғамдық көлік толық тоқтатылды. Бұдан соң, яғни бүгіннен бастап екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» мекемесі де жұмыс кестесін өзгертті. Ертеңнен бастап азық-түлік базарлары жұмысын уақытша тоқтатын болады. Ал Мирлан базары 16-сәуірден бастап тұрғындарды қабылдауды шектеген.