0:00 / 0:00
Болашақта облысымызда екі жолды ақылы жолдар қатарына қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметі брифингінде облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Медет Шакаев мәлімдеді. Сонымен қоса, үстіміздегі жылы облысымызда 436 шақырым жол жөндеу жұмыстарына жалпы мөлшері 28 млрд теңге қаржы қарастырылған.
Өткен жылы өңірдегі жолға бөлінген 33 млрд теңгеге, 419 шақырым көлемінде жолдар жөнделіп, халық игілігіне пайдалануға берілді. Ал биылғы жылы жол жөндеуге бөлінген 28 млрд теңгеге 436 шақырым жол жөнделмек. мәселен, республикалық маңыздағы Орал-Тасқала, Жалпақтал-Қазталов, Орал-Атырау бағытындағы күре жолдардың барлығын қосқанда 282 шақырымын күрделі және орта деңгейде жөндеу жоспарланса, облыстық маңыздағы 76 шақырым жол әр деңгейлі жөндеуден өткізілмек.
Бүгінгі брифингте көптен бері сөз жүзінде айтылып, алайда іс жүзінде бөгеліп келген тағы бір күрделі мәселе көтерілді. Ол Ақжайық ауданның Чапай ауылы маңынан Орал өзені арқылы өтетін автокөлік көпірін салу. Жоба құны 34 млрд теңгені құраса, көпір құрлысы келер жылы басталады.
Ал, шаһар ішілік жолдарға келсек үстіміздегі жылы 50 көше жөндеуден өтпек. Оған жергілікті бюджеттен 2 млрд, ал жер қойнауын пайдаланушы КПО би би компаниясынан 2 млрд теңге қаржы бөлінген.
Біздің аймақ жол жағдайы төмен өзге өңірлермен салыстырғанда ең соңғы орында екендігін дүйім ел біледі. Осыған орай, жергілікті Жолға жауапты мамандар аймақтағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы сападағы жолдардың үлесін 28 пайызға жеткізуге тырысуда.