0:00 / 0:00
24 жылдан бері із түссіз жоғалып кеткен Бөрлілік әйелдің мәйіті табылды. Бұл туралы БҚО ПД мамандары мәлімдеді. Оның айтуынша, қылмысқа қатысы бар күдікті өз еркімен келіп тәртіп сақшыларына болған оқиғаны баяндаған. Яғни, осыдан бірнеше жыл бұрын қоғамдық көлікте марқұммен танысқан айыпты өзара келісім бойынша көлік гаражында ішімдік ішеді. Көңіл көтерудің соңы жанжалға ұласып, 1971 жылғы азамат оның басынан белгісіз құралмен соғып қалады. Жаралы болған ол сол соққыдан соң есін жимайды. Қылмысын жасырмақ болған күдікті, әйелді жерге көміп, жеке заттары мен киімдерін өртеп жібереді. Оның үстінен кісі өлтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын айтады БҚО ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Болатбек Белгібеков. – Ағымдағы жылғы 6 шілдеде БҚО Бөрлі ауданының полиция бөліміне 1971 жылы туылған азамат келіп, 1994 жылы БҚО, Бөрлі ауданының Бөрлі ауылында қызды өлтірген туралы мәлімдеген. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 99-бабының 1-бөлігі (кісі өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.Тексеру барысында полицейлер күдікті нұсқамасы бойынша қазба жұмыстарын жасап, белгісіз тұлғаның қаңқасын тапты.