0:00 / 0:00
Бұған дейін елімізде онкологиялық және туберкулез аурулары алдыңғы орында тұрса, қазір жүрек-қантамырлар дерті оларды басып озған көрінеді. "Әрі жүрек аурулары жасарып барады", - дейді ақ халаттылар. Бұрындары жүрек дертіне шалдығатындар көбіне 45 жастан асқандар болушы еді. Жыл өткен сайын бұл дертпен халықтың жастар жағы жиі ауыратын болған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде жыл сайын жүрек-қан тамыры ауруларынан 17 млн адам көз жұматын көрінеді. Соңғы 20 жылда елімізде де бұл дерт дендеп бара жатыр. Мәселен, соңғы 3 жылда Облыстық кардиологиялық орталыққа жүрек - қан тамыры аурумен жүгінушілердің саны едәуір артқан. Сондықтан, аталмыш орталықта жүрек қан тамырлары ауруларына шалдыққан науқастарды қабылдау мен ашық жүрекке ота жасау - күнделікті қызмет түріне айналған.
БҚО салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы мамандарының айтуынша, жүрек ауруының алдын алу үшін ішімдік пен шылым шегуден бас тартып, жеміс-жидек пен көкөніс жеу қажет. Диетаның да адам денсауығы үшін маңызы зор. Күнделікті құрамында қанты бар сусындар орнына қарапайым су ішіп, нан және ұн өнімдерін азайтқан дұрыс. Сонымен қатар, мамандар ашушаңдыққа бой алдырмай, таза ауада жүгіруге кеңес береді.
Салауатта өмір салты – денсаулық кепілі. Дәрігерлердің айтары бір – ауырып ем іздегенше, аурымайын жол ізде.