0:00 / 0:00
Орал қаласында 21 мыңнан астам азамат баспана кезегінде тұр. Жыл сайын кезекте тұрған жандардың қатарын азайту үшін бюджет есебінен тұрғын үйлер салынады. Биыл Орал мен Ақсай қаласында "Нұрлы жер" бағдарламасының аясында 13 көпқабатты баспананың құрылысы басталды.
БҚО-ның қос қаласында "Нұрлы жер" бағдарламасының аясында көпқабатты және жер үйлер салынуда. Орал мен Ақсай шаһарында 13 үйдің құрылысы басталыпты. Облыс аумағында баспананың құрылысы үшін 12,6 млрд теңгедей қаражат бөлінген. Және жеке тұрғын үйлерді салу, инженерлік желілерді тарту үшін 5,3 млрд. теңгедей қаражат бағытталған.
2021 жылы Орал қаласында 21 мыңнан астам азамат түрлі категория бойынша баспана кезегінде тұр. Мамандар жыл сайын 1000-ға жуық жан өз үйлеріне қоныстанса, кезекке 1000-1500 адамның тұратынын айтады. Баспана кезегіндегі азаматтар бірнеше бағдарлама арқылы үй ала алатын мүмкіндікке ие. Олар үйдің 20 пайыздық бастапқы жарнасын жинап, "Нұрлы жер" бағдарламасына қатыса алады. Және атқарушы биліктің кезекте тұрған жандарға арналған "Шаңырақ" пилоттық жобасы іске қосылды. Үйдің бастапқы жарнасының 10 пайызын жинап, несиені 20 жылға рәсімдейді. Және баспана кезегіндегілерге тұрғын үй сертификатын беру басталыпты.
Қала күні қарсаңында Зашаған кентінде кезекте тұрған жандарға арналған көпқабатты арендалық тұрғын үй табысталмақ. 198 отбасы жақын күндері қоныс тойын тойлайды.