0:00 / 0:00
Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында солтүстік-шығыс ауданында орналасқан тағы бір тоғыз қабатты көппəтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Осылайша Наурыз мейрамында тұрғын үй кезегінде тұрған 180 отбасы баспаналы болды. Естеріңізде болса өткен аптада 117 пәтерлік су жаңа үй де қолданысқа берілген болатын.Өңірімізде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында алғаш рет «Шаңырақ» пилоттық жобасы сəтті жүзеге асып, «Отбасы банк» салымшылары болып табылатын тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар жаңа баспанаға қол жеткізді. Бұл бағдарлама бойынша беріліп отырған алғашқы тұрғын үй кешені. Өңір эпидемиялық ахуал бойынша қызыл аймаққа енуіне байланысты салтанатты ашылу рəсімі өткен жоқ. Десе де облыс əкімі Ғали Есқалиев мейрам алдында баспаналы болған отбасылардың үйіне бас сұғып, мерекемен арнайы құттықтап шықты. Қоныс тойын тойлағандардың бірі - Ғаббасовтар әулеті. «Шаңырақ» пилоттық жобасы тұрғын үй кезегінде тұрған жандар үшін өте қолайлы бағдарламалардың бірі. Өйткені қазан айында ғана енгізілген бағдарлама талабы бойынша 10% алғашқы жарнамен 20 жылға 5 %-дық үстемақымен үй алу мүмкіндігі қарастырылған. Орал қаласында 21 мыңға жуық адам баспана кезегінде тұр. Бұл бағдарламаға қатысу үшін міндетті түрде үй кезегіне тұрып, тіркелу керек жəне соңғы алты ай ішіндегі отбасы табысы расталуы қажет.