Есірткі тектес тыйым салынған өсімдік түрлерін өсірген әкелі-балалы Полянскийлер 10 жылға бас бостандығынан айрылды. Үкімді БҚО қылмыстық істер бойынша ауданаралық мамандандырылған сотында судья Бақыт Ермаханов оқыды. Анықталғандай 34 жасар Николай Полянский мен оның 59 жасар әкесі Владимир Полянский Бәйтерек ауданындағы Спартак ауылы Быковка өзенінің жағасындағы көптің көзіне түсе бермейтін үлкен аумаққа көкнәр мен қарасора өсімдіктерін өсіріп, 32 келі кеппеген және 8 келі кепкен өнім жинаған. Тергеу барысында Николай Полянский аталған есірткі затын жеке басты қанағаттандыру мақсатында өсірдім деп ақталмақ болған. Алайда табылған салмақтағы есірткі заты аса көп мөлшердегі улы зат болып болып табылады. Сонымен қатар, айыптылардың үйлерін тінту барысында дайын өнімді салуға арналған арнайы құтылар табылған. Енді әкелі-балалы сыбайластар бұл әрекеттері үшін 10 жыл бойы темір тордың ар жағындағы тар қапаста жазаларын өтейтін болады.