0:00 / 0:00
Орал қаласында 10-нан астам маршрут кондукторсыз жұмыс істей бастады. Жаңашылдық тамыздан басталыпты. Бұл өзгеріс төлемдердің дұрыс атқарылуына кері әсерін тигізбей ме? Кондукторсыз билет тексеремін деген жүргізушілер жол қауіпсіздігін назардан тыс қалдырмай ма?
Қазіргі таңда пилоттық режимде кондукторсыз №2, 22, 4, 30Д, 6, 7, 12 және 43 маршруттар жұмыс істей бастады. 170-ке жуық қоғамдық көлікте кондукторлар жұмысын жалғастырып жатыр.
Күзден бастап жолаушылардың саны артатыны белгілі. Сол кезде жолақысын қасақана төлемейтін жандар көбейеді. Автобусты жүргізіп отырған жүргізушілер билетті тексеріп отырғанын көз шалады. Осы орайда жолдағы қауіпсіздік мәселесі еріксіз ойға оралады. Электронды жолақыны жинап, бақылайтын компания бақылаушылардың санын қырыққа дейін көбейтуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда оралдық автобустарды 20 маман тексереді.
Өткен жұмада Парламент Мәжілісі депутаты Абзал Құспанмен кездескен кәсіпкерлер тасымалдау саласындағы күрделі мәселені жайып салған-ды. Олар мемлекеттен бөлінетін субсидияның аздығына назалы. Биыл тасымалдаушыларға 5,2 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілмек.
Бір ай ішінде 4,5 млн жолаушы оралдық автобустардың қызметін пайдаланған. Оның 503 мыңы зейнеткер, мүмкіндігі шектеулі жандарды ертіп жүрген адамдардың саны 3900-дан асады, ал 54 мыңнан астам жолаушы әлеуметтік санаттағы жандар екен.