0:00 / 0:00
Коронавирус пандемиясынан зардап шегіп, қиын қыстау күнде қызметін жалғастырған сала көп. Солардың бірі-білім беру саласы. Еліміздің педагогтары өткен оқу жылында оқушыларға қашықтан сабақ берді. Биыл да вирус таралған аумақта мұғалімдер осы форматта қашықтан оқытуды жалғастырып жатыр.
Жалпы БҚО-да күндізгі білім беретін 379 мектеп бар. Оның 127-сі вирустың таралу қаупіне байланысты оқушыларды қашықтан оқытуда. Қалған ауылдық жерде орналасқан білім нысандары жұмыстарын штаттық режимде жалғастырған болатын. Биыл бастауыш сыныптың ата-аналарының өтініші негізінде 11 мыңнан астам оқушы кезекші сыныптарда білімін алып жатыр.
Білім беру процесінің жақсы ұйымдастырылуына инфраструктураның болуы маңызды. Қазіргі таңда облыс көлемінде 3 аусымда оқитын 3 білім беру нысаны бар. Ал 6 мектеп апатты деп танылған. Оқушылардың алаңсыз сабақ оқуы үшін биыл 3 мектеп пайдалануға берілді. Оның екеуі облыс орталығында, енді бірі Чапай ауылында өз жұмысын бастады. Биыл түрлі қаражат көзінен 33 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өткен. Оның 27-сі мектеп. Қазіргі таңда 3 білім беру ошағының құрылысы жүріп жатыр.