Аққулар күн суытқанда мұзбен бірге қатып қалды. Бұл жөнінде Жәнібек ауылдық округі әкімінің орынбасары хабарлады. Оның айтуынша, Жәнібек ауылының солтүстік-батыс бағытындағы су қоймасында мұзбен бірге қатқан жабайы аққулар ұша алмай жатыр. Жергілікті тұрғындар мұзды жарғанымен құстарды алып шыға алмадық дейді. Аққулар түнге қалса сіресе қатып, өліп қалу қаупі болары анық еді. Оқиға орнына БҚО ТЖД-нің нөмірі 21-ші өрт сөндіру бекетінің құтқарушылары жедел жетіп, қанаттыларды құтқарған. Олардың саны 4-еу. Қазіргі уақытта құстар Жәнібек ауылы тұрғынының жылы қорасына жеткізіліп, орналастырылған. Ал алда жабайы аққуларды көктемге дейін үй-жайға орналастыру мәселесі шешілетін болады.