0:00 / 0:00
Қазақстандық дәрігерлер миллиондап жалақы алады екен. Бұл жаңалықты "СК-Фармация" ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев брифинг барысында айтты. Компания басшысының өз айлығы 1 милиион 300 мың теңгенің көлемінде екен. Есқалиев өзімен бірдей жалақы алатын дәрігерлер бар екенін айтып қалды. Еске сала кетейік, бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы– 258 708 теңге екенін мәлімдегенді. Ал орта санаттағы медициналық қызметкерлер ай сайын 161 281 теңге алып тұрады. 2025 жылға дейін дәрігерлердің орташа жалақысын 550 мың теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Аты шулы "СК-Фармация" компаниясы аясында гу-гу әңгіме көп. Бұған дейінгі басшысы жемқорлық фактісімен тергеліп жатыр. "СК-Фармация" ЖШС басқарма төрағасы қызметіне келгеніне көп болмаған Ерхат Есқалиевке қызығушылық артып отыр. Себебі, халық жаздағы жағдайдан кейін бұл компания дәрі тапшылығына жол бермей ме деп алаңдайды. Жалпы СК Фармация елдегі дәрі-дәрмек жеткізуші компания ретінде бұл нарықты жаулап алған. Жекелеген шағын фармацевтердің тісі батпайды. Дегенмен компания өзін бұл салада монополист деп санамайды. Ал компанияның әкімшілік шығындары жайында сұрағымызға жауап ала алмадық. Ерхат Есқалиевтің айлығы 1 миллион теңгеден асып жығылады. Ол қазақстандық дәрігерлер өзімен бірдей жалақы алатынына сенімді.
Ерхат Есқалиев – «СК Фармация» ЖШС басқарма төрағасы "Мен ол кезде айтқанмын, барлық алым-салықты алып тастағанда, шамамен, 1 миллиондай аламын. Осы жалақыны бақылаушылар кеңесі бекітті. Ай сайынғы жалақыны қалай жұмсайтыным, бұл – менің жеке мәселем. Ал дәрігерлердің жалақысына қатысты мәселе менің құзіретіне кірмейді. Алайда өзіммен бірдей жалақы алатын дәрігерлер бар. Бізде барлық үстемақыны қоса алғанда кейбір дәрігерлер бір миллион теңгеден асатын жалақы алады. Ол туралы бұқаралық ақпарат құралдарында айтылған".
Не керек, қазақстандық дәрігерлер әлеуметтік проблемаларға көңіл бөлмей, тек өз жұмысымен айналысуы үшін ай сайын миллиондап жалақы алып отырса арман жоқ ғой. Бірақ, денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы -258 708 теңгені құрайды. Орта санаттағы медициналық қызметкерлер ай сайын 161 281 теңге алып тұрады. 2025 жылға дейін дәрігерлердің орташа жалақысын 550 мың теңгеге дейін жеткізу жоспары бар. Сондай-ақ, брифинг барысында СК Фармация басшысына экс-министр Елжан Біртановты қолдау акциясына қатысасыз ба деген сұрақ қойылған еді.
Брифингте Есқалиев мырза көп сауалдарға мардымды жауап бермей, ат-тонын ала қашты. Өкініштісі СК Фармацияның сайтының қазақшасында кемшілік бар екен. Қазақ тілінде мәлімет өте аз. Оны мойындаған компания басшысы шала-пұла қазақшасымен келер жылы бәрін қатырамын деп құтылды.