0:00 / 0:00
Киноиндрустрия пандемиядан зардап шеккен салалардың бірі. Кинокөрсетілім болмағандықтан, аталмыш салада қызмет жасайтын жандар млрд.таған пайдасынан қағылып отыр. Еліміздің аумағында жұмыс жасайтын кинотеатрлар да 8 айға жуық өз қызметіне кірісе алмады. Жұқпалы вирус аталмыш саланың аяғын тұсап, дамуын тежеп қойды. Күз бен қыста кино көруге баратын дүйім жұрт карантин шектеулеріне байланысты үйде қалуға мәжбүр.
Оралдық кинотеатрлар коронавирус эпидемиясының кесірінен қызметіне кірісе алмай отыр. Соның кесірінен 20-шақты азамат жұмысынан қалып, бизнес табыстан қағылған. Еліміздің бас санитарлық дәрігері карантин талаптарын жеңілдеткен кезде кинотеатрлардың жұмыс жасауына рұқсат берген еді. Бірақ келушілердің санын 70 пайызға қысқартуы қажет. Қазіргі таңда еліміздің бірнеше өңірінде кинотетрлар санитарлық талаптарды орындай отырып, қызметіне кіріскен. Батысқазақстандық кинотеатрлар вирустың таралуына байланысты жұмысына кіріскен жоқ.
Кинотеатрлардың жұмыс жасауына рұқсат берген өңірдің бірі- Маңғыстау облысы еді. Келушілердің санын қысқарғандықтан аталмыш өңірде билет құны 2500-3000 теңгеге дейін қымбаттаған көрінеді. Қаулыға сәйкес кинотеатрларда сусын мен попкорн сатуға болмайды. Алайда Маңғыстаулық кәсіпкерлердің барлығы бірдей қызметіне кіріспепті. Олар келушілердің саны аз және тамақтану орындары жабық болғандықтан, пайда тым аз,- дейді.
Кинотеатрлардың иелері үкіметке иек артып, көмек қолын созса деп сұрайды. Себебі коронавирус пандемиясының кесірінен көптеген кинотеатрлар жабылып, осы сала мүлдем жұмыс жасауын тоқтатуы мүмкін. Қазірдің өзінде елімізде 7-8 кинотеатр қызмет тоқтатқан екен. Жалпы коронавирус пандемиясы әлемдік киноиндустрияға залалын тигізіп, кино саласының мамандары млрд.ған табысынан қағылуда. Жұқпалы індеттің кесірінен халықаралық премиялар да кейінге шегеріліп, уақытын өзгертіп жатыр.. "Оскардың" 93-марапаты келер жылдың сәуірінде өтеді деп жоспарлануда.