0:00 / 0:00
БҚО-да 15 мың азамат екі қолға бір күрек таба алмай жүр. Бұл жұмыспен қамту орталығында тіркелген мәлімет. Мамандардың тізіміне ілікпеген жандар қаншама? Сала мамандары биыл жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрағанын айтады. Пандемия да жұмыссыздықтың артуына оң ықпалын тигізуде. Осы коронавирустың эпидемиясы кезінде қызметінен қағылған жандарға көмектесу үшін "Жұмыспен қамту 2020" бағдарламасы іске асып жатыр.
Әлемді әуре-сарсаңға салған коронавирус пандемиясы бизнестің дамуын тежеп, ұлттық локдаундар кәсіптің тұралап қалуына әкеліп соқты. Мәжбүрлі түрде жабылған нысандарда жұмыс жасайтын қызметкерлерге қиын соққаны рас. Көптеген адам карантиннің кесірінен жұмыссыз қалды. Елімізде пандемияның кесірінен екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жандарға арнап "Жұмыспен қамту жол картасы -2020" бағдарламасын іске қосты. Аталмыш бағдарламаға қатысып, нәпақасын тауып отырған жандардың бірі- Дмитрий Шапошников. Ол мамырда жұмыспен қамту орталығына барып, көмек сұрайды. Мінекей, мемлекеттік бағдарламаның арқасында азамат қызмет бабында лауазымы өсіп, отбасын асырап отыр.
Сала мамандарының келтірген дерегіне сүйенсек, биыл "Жұмыспен қамту жол картасы-2020" бағдарламасын іске асыру үшін 35,5 млрд теңгедей қаражат бөлінген. Жалпы облыс көлемінде 172 жоба атқарылыпты. Қазіргі таңда 89 жоба өз межесіне жеткен.
Сала мамандары келешекте "Жұмыспен қамту жол картасы -2020" аясында азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.